Шоколадтың қалың қабаты
-Бля, ыстық тамақ бар ма сұрап көрші!
— Жоқ екен. Пирожки мен сникерстен басқа дым жоқ.
— Тьфу нақ, аш болсаң боқ жейсің деген осы екен, ала салшы екеуін де, сосын ішерге бірдеңе ал! Құрыған жер екен де…
Самат мұрнын тыржита досының қолындағы сникерсті алды да, бір сәт ойға шомып кеткендей болып, жымиды да, шоколадтан бір тістеді.
Дәм естеліктерді қозғап жіберді ме, әлде жағдай соған итерді ме, есіне балалық шағы түсіп кетті.
,***
Жеңіс Алматыға қыдырып қайтатыны белгілі болды. Жеті жасар інісі Самат пен он екі жасар қарындасы Баршын«Рубин» телевизорынан алғаш түрлі түсті бейнелерді қарап, әлденеге бәстесіп отырды.
— Марс жақсы! — деді Баршын.
— Жоқ, Сникерс жақсы! -Самат.
Өмірінде біреуін де татып көрмеген екеуіне бұрын соңды болмаған үлкен сиқырлы кәмпиттің дәмін тату арман еді.
Жеңіс Алматыдан келгенде үй іші қуанып кетті. Әке -шешесі баласын көріп, іні-қарындасы ағасын көріп.
Балалардың сілекейін ағыза Алматыдағы қызықтарды, қисық айналарын, хайуанаттар паркін, циркті ішек сілесі қата бейнелеп отырып, «Мәссаған, ол жақта жарнамадағының бәрі бар, Ерлан көкем бәрін көрсетіп қыдыртты, бір қалтама фанта, бір қалтама пепси, екі қолтығыма Вимто, Хершиколаның банкісін қыстырып, уысыма… Марс пен Сникерсті салды!»
Тап осы әңгімені Самат мектепке барып, онан сайын әсірелеп, өз атынан сыныптастарына айтып, ауыздарының суын ағызып жүретін.
Ағасы дорбасын ашып ішінен қарындасына бір банка кола, бір «Марс» берді де, бір Сникерсті шығарып өз қалтасына салды.
— Самончик, Баршын екеуің бөлісіп жейсіңдер ғо, деді. Самат, «аха» деп басын изеді де, әпкесіне қарады.
«Базарлығың осы ақ па не? Өзің біреуін жалғыз жейсің, біз бөлісеміз бе? -деп ренжіген күйі Баршын тоңқылдап, Асханаға тайып отырды.
» Ендеше коланы да алып қоям, әкел бері!" -деп ашуланды Жеңіс.
— Осыдан мама келсін, жадина, жадина! — Баршын да жыларман болды, бірақ базарлығын бермеді.
Жеңіс жалтақтап тұрған Саматты жекеге шақырып алды.
— Ренжімеш, Самон келесі барғанымда көп қып әкелем. Мыны сникерсті мен Нұрайға берсем деп едім" -деді. Нұрай қонаққа келе жатқан немере туыстары еді.
— Жара-а-айды" -деді кішкентай Самат басы салбырап. " Тек… тек, Нұрайға айтшы, жеп болған соң қағазын лақтырмасыншы"-деді інісі.
— Зәнім-ау, қағазын қайтейін деп едің?- деді ағасы түсінбей.
— Мен кластағы балдарға ағам сникерс әкеп беред деп едім. Қағазын көрсетсем сенеді ғой!".
Жеңіс бауырының балғын ойларынан елжіреп кетті.
— Мә, ала ғой. Нұрайға келесі жолы әкеп берем онда" -деді.
***
