Ескі архив · 28.09.2012 13:10

Назар аударыңыз!..

Күні бүгінге дейін адамзат басынан қилы-қилы кезеңдер өтті. Әр ғасырдың өзіне тән ерекшеліктері мен қиыншылықтары болады. Алайда өмірде көп нәрсе салыстырмалы түрде бағаланады емес пе. Ханы мен қарасы қатар атқа мініп, қасық қаны қалғанша арпалысатын заман да өтті. Дегенмен қазір біздер мылтықсыз майдан ғасырында өмір сүріп жатқанымыз өтірік емес. Мұндай жағдайда жеңіс кімдікі? Жеңіс арманы асқақ, мақсаты айқын, рухы биік елдікі жандікі. Соңғы кездері өз-өзіне көңілі толмайтын, өмірден түңілген адамдарды көп көріп жүрмін. Әр түрлі әлеуметтік желілерде де өмір сүруге емес, ажал құшуға деген құштарлығы басым сөздер жазып отыратын адамдар көптеп кездеседі. Оның әр түрлі себептері бар әрине. Соның бірі – адамдардың бір-біріне деген ықылас, назарының жоқтығы деп ойлаймын. Теледидар, ғаламтор, ұялы телефон және басқа да техника атаулы жоқ кездері адамдар уақыт тауып, бір-бірін айшылық алыс жерлерден іздеп келіп, шүйіркелесіп, сәлемдесіп кетіп жататын. Ал қазір әлеуметтік желілерде жоқ дегенде жүз танысың, туысың, досың отырады. Бірақ олардың саған «қал-жағдайың қалай?» деп бір ауыз сөз жазуға уақыты болмайды. Оларға ренжімейсің де, себебі сенің де қал сұрап, сәлемдесуге уақытың жоқ… Әйтеуір онлайн боп отырса, ішіңнен «бар екен, аман екен» деп ойлайсың да, ары қарай бітпейтің жұмысыңды жалғастыра бересің. Кейде әлдекіммен ішкі сырыңмен бөлісіп, ой алмасқың келеді. Бірақ кімге қарасаң да уақыты жоқ, жұмысы көп адамның кейпінде отырады. Қолы қалт еткен жағдайда да әлдене айту өте қиын, себебі көзіне қарасаң, ойша басқа жерде жүргенін түсінесің. Оған айтылған сөз қабырғаға айтылған сөзбен бірдей екенін біліп, бітіп бермейтін өз шаруаларыңды аяқтауға кірісесің. Кейбір деректер бойынша, әлемде жылына миллион адам өз өмірін өз-өзіне қол жұмсайды екен. Ал суицид бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттің бірі – Қазақстан. (ал Қазақстан бойынша Шығыс Қазақстан алдыңғы қатарда). Сірә, күйзеліс кезінде өз-өзіне қол жұмсаушылар алдағы өмірін жақсы жаққа өзгертуге себепші болатын сан мүмкіндіктен бас тартып тұрғанын түсінбейтін шығар. Бәлкім, адамдар өз-өзінің ғана емес, өзгенің жан дүниесіне үңіліп, түсінуге тырысса, бір-біріне назар аударса, көңіл бөле білсе күйзеліске ұшырағандар қатары азаяр ма еді…
Авторы:
ademi_alem

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту