Ескі архив · 02.10.2012 12:23

Шартты ұғымға түкірдім!..

Дей алмаймын жылы сөзбен демермін, Әрекетсіз, халқым, сені жебер кім? Жылап жүріп, сұрап алған Құдайдан, Егемендік, айтшы, бізге не бердің? Ерің қайда елін, жерін қорғаған, Отқа күйіп, ал суыққа тоңбаған? Бала бағар әйел базар жағалап, Еркек ез боп үйде ешқашан қалмаған! Бәз біреулер барысқа өзін теңейді, Тәуелсіз боп демейм(ін) тыныс кеңейді. Үлгі болар ақсақал мен әжені, «Асырайтын» қарттар үйі көбейді. Жетімдерді шеттеп, шет ел асырып, Жүрген жай бар ауруымызды жасырып. Өзегінен тепкен бүгін жасығың, Ертең келмес өз еліне асығып! Кірлеп көңіл қардай болған жауған ақ, Қыздарың жүр көшеде тән саудалап. Жемқорларың жерді басып ұялмай, Жүр қолдары жеткен жерді қармап ап. Айта берді деме оны несіне, Бабалардан қалған жоқ па несібе?! Өз жерінде үйсіз жүрген қазақтың, Жан жолдасы бұл күндері — несие! Бір болудың орнына мақсат, тілегі, Тілге, дінге бөлініп ап жүреді. Қазаққа қазақ оқ атқанда шаруа жоқ, "Қырық пышақ" деп қырғызға күледі! Елу елдің қатарына ақыр біз, Қосыламыз деп күш жұмсап жатырмыз. Шын мәнінде ұланғайыр далада, Бір бөлмелі пәтері жоқ пақырмыз. Тоқтатайын, осыған да шүкір мың, Құмалағы болмайыншы бүтіннің. Әй, дегенмен айтпай тағы болмайды, Тәуелсіздік — шартты ұғымға түкірдім!.. Зарина Долатай
Авторы:
ademi_alem

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту