Бұл да өтер...
Өткен-кеткенімді ой елегінен өткізіп, ұйықтағалы жатқан кезімде ұялы телефоныма «Кешіріңіз, танысуға рұқсат па? Менің атым .......» деген хабарлама келді. «Бұл кім болды екен?» деп ойлап үлгергенім жоқ «Нөміріңізді газеттен алдым, бойдақпын, тұрақты жұмысым бар» деген хабарлама келді.
Кейде газет бетіне шыққан мақалаларға қатысты оқырмандар ой-пікірлерін жазып жататын, солардың бірі болар деп ойладым. Арада ұзақ уақыт өтпей «Жаны таза қазақтың қызымен танысқым келеді, темекі, арақ сияқты харам нәрселерден аулақпын» деген тағы бір хабарлама келді. Ары – бері ойланып «Саламатсыз, жаным таза емес, сау болыңыз!» деп жазып жіберіп, «Жақсы онда, кешіріңіз» деген жауап алдым.
*** *** ***
Таң атып, қыбыр-қыбыр тіршілік басталған кезде оятқыштың дауысынан ояндым. Тәтті ұйқымды бұзатындықтан ба екен, әйтеуір оятқышқа қойылған әуенді ұнатпай бара жатқандаймын. Үнін өшірейін деп қолыма алып едім, тағы бір хабарлама келіпті. «Жаныңыз таза емес болса да танысқым келеді, өтінем. Бүгін менде қуанышты жағдай» деген хабарламаны көріп, күлкіге қарық болдым. Әдеттегідей жауап қайтармасам да, ол адамнан күнделікті әр түрлі хабарламалар келіп тұрады. Оқыған сайын күле берем, күле берем. Бірде «Зарина, жауап жазбайсың ғой. Бәрі дұрыс па, көмек керек болса айт. Не істеп отырсың? Мен кір жуып отырмын» деп жазыпты. «Ой, Құдайым-ай, не істеп, не қойғаны маған не керек?! Іші пысып, зерігіп жүргендердің бірі болар» деп басымды шайқадым да, жұмысымды жалғастыра бердім…
*** *** ***
Кеше мен үшін өмірімдегі ауыр күндердің бірі болды. Керектегі Дүйсенбі туралы 10 факт деген жазбаны оқып «Қызық ақпарат екен, бірақ Құдайдың әр күні қайырлы емес пе?!» деп күліп отырғанмын (Көп күлген бір жылайды деген рас-ау осы...). Арада ұзақ уақыт өтпей мен үшін қайғылы, біреулер үшін қуанышты хабар естідім. Отырған орнымда еңсем басылып, әлдебір тылсым күш кеудемдегі жанымды жұлып алып, жұдырықтай жүрегімнің ішіне таудай ауыр қара тас қойып кеткендей күй кештім. (((((
Ондай кезде бас ауған жаққа кететін әдетіме басып, қала шетіне кеттім. Алдымнан шыққан әлдекім күлсе, маған күліп тұрғандай. Әлдебіреу ашулы болса, маған ашулы сияқты. Айналамдағы адам атаулыны көргім келмей, өз-өзіме «Бұл да өтер, бұл да өтер! Көзіңді жұм, көзіңді жұмшы! Ештеңеге қарама, ештеңе ойлама!» деп қайталай бердім, қайталай бердім. Ақыры ұйықтап кетіппін.
… Оянсам, денем мұздап, қалтырап жатырмын. Ешкім мазаламасын деп өшіріп қойған ұялы телефонымды қосып едім, қабылданбаған қоңыраулар мен хабарламалар келе бастады бірінен кейін бірі. Кім хабарласса да, кім не жазса да мені жұбата алмасын біліп, келген хабарламалардың бірін немқұрайлы күйде ашып оқыған едім, көз жасым тыйылып, келген жолыммен қалайша кері қайтқанымды сезбей де қалдым…
Әдетте «үйдемін», «жолдамын», «кір жуып отырмын» деген сөздер жазып отыратын бейтаныс адам бұл жолы «Жауап жазбасыңды білсем де өзім туралы айтсам деп едім саған… Әкемнен айрылғаныма үш жыл болды. Науқас шешем бар, оған туысқан апайым уақытша қарап отыр. Өзім саңыраулар цехында жұмыс істеймін. Құлағым естиді, бірақ дұрыс сөйлей алмаймын, бір жақ қолым нашар істейді. Бос уақытымда сурет саламын. Сен қандай бақыттысың: денсаулығың бар, жұмысың бар, достарың да бар болар. Далада жауын жауып тұр ғой, жылы киініп жүр » деп жазыпты…
Шынымен де… осы күндерім үшін шүкір, әлдене мен ойлағандай, мен қалағандай болмай жатса, мен үшін қайырсыз болғаны болар… Бұл жалғанда жақсылық та, жамандық та жауапсыз қалмайды… Себебі, өмір кей кездері қаталдық танытса да,қашан да әділетті…
