Ң-нан ұялам.
«Ң» әріпін айту қиын ба? Қазір радио, телевидениеде «ң-сыз» жарнамалар, роликтер өріп жүр. Тілі келіп тұрса да, әдейі айта алмай қалатындарды да көріп жүрміз. Келе келе алфавит ң-сыз қалатын шығар. Сіз де айта алмайтын болсаңыз немесе айта алмай жүрген таныстарыңыз болса төмендегі әңгімені көрсетіңіз, тіл сындырсын.
Атаң әңгімешіл еді ғой есіңде ме? Ол сөйлей бастағанда арғы-бергі тарихың, шежірең, жыр-дастандарың мен ертегі-қиссаларың тіріліп салатын. Оның аузынан шыққан әрбір сөздің өңі бөлек, реңкі қанық болатын. Бұрын мың естісең де, әрбір әңгімені жаңалықтай қабылдап, аң-таң қалып, «тағы-тағылап» әрең ұйқыға жататынсың.
Ең қызығы енді басталады. Тереңге тартқан қиял түсіңді бұрын ешкім көрмеген, өзіңе де бейтаныс тың тараптарға қарай бұрады.
Қоңыр төбел мен күрең қасқа мінген қос ғашық жоңышқалы алаңда асықпай аяңдап келеді. Бұраң бел арудың бұлаң жүрісті жорғасы өте ыңғайлы. Бірақ жігіттің астындағы енді ғана бас үйретілген тарпаң жануар қыңыр мінез танытып-ақ келеді…
Енді бір мезетте, көңілдің көк дөненін мініп құзар шыңның басында тұрасың. Көкіректе өлең. Төңірек үнсіз, бірақ жаңғырық бар. Үнсіз жаңғырық. Ол сенің кеудеңдегі әнге қосылып тұрған табиғат екенін жүрегіңмен ұғасың…
Ақ жамылған тегіс даланың қақ ортасында көзге ілінер қара — жапырағынан айрылған кәрі үйеңкі ғана. Қыстың қақ ортасы болса да оның маңы жәндікке толы. Тозаң жиған көбелек, көбелекті қуған қарлығаш, бір-біріне дөң-айбат шеккен түрлі аң. Ал сен қалың түскен қардың астындағы тоң боп қатқан қара жерді шоң сүйменмен үңгудесің. Әңгүдік. Бұл не үшін?! Дүние астаң-кестең, тірі жанның бәрі елең-алаң. Тең-теңіне, теңдеуі жоқтар теңгеге үміт артқан. Бірі аңшы, келесісі тыңшы. Айналаңа тағы бір көз салсаң бұл тегіс дала емес екен. Бұл кәдімгі ңөң.
Ыңырана ұйқыңнан оянып кетсең таң қылаң беріп қалыпты. Бұл не ғажап? Бұл өзің ғой. Атаң, жылқыларың, сүйіктің, далаң, тауың, әнің, жүрегің, сезімінің, тілің! Сенікі «Ң». Ұмытпа. Ң-нан ұят болмасын.
