Ескі архив · 12.12.2012 12:49

"Аруақ атқыр, Адайлар..."

Батыста бір қала бар Өзен деген. Ісіне Тәңірімнің төзем деген. Өрлігін, көкірегін басты талай, Өзінше өңшең қырттың өжеңдеген. Батыста бір қала бар Өзен деген Қаруын дұшпан бар ма кезенбеген. Жапқаның жаралы елге жылтыр шапан, Бөз емес жан жарасын Сөз емдеген. Үлкендер, қайдасыңыз, көрісейін! Замандас, тай-құлындай тебісейін. Тас шіркін ауыр дейді, түскен жерге, Қайғыңды қараөлеңмен бөлісейін. Береді көп тілегі батылға дем! Батыр сол — қайрат болса ақылға тең! Жылында сексен тоғыз лапылдап ең, Тап бұлай Өзен бірақ, атылмап ең. Өз халқын өзі қыру — сұмдық еді. Сұмдығын сұмырайдың кім біледі? Шырқырап шыңнан құлап кеткендердің Онда да сұрағаны Шындық еді. Білемін кешірімді ел, кеңдігіңді. Бұл жалған кімнен қалмас кемді күнгі. Тентекке теліп тағы күлді найсап, Тарихтан тартып алған теңдігіңді! Қаруын Қазақстан төкті зілді. Көп солдат күлді көріп, көп қызыңды. Ошағының басында осырақ шал «Аруақ атқыр, адайлар»- деп кіжінді. Сіз үшін шашылып ед жиғанымыз. Қалайша құбылады иманыңыз? Кеп-кеше Кендірліде күліп-ойнап Кеткен шал сен едің ғой, мейманымыз. Көңілдің күпті болған көп алаңы. Төріңде өңшең сатқын демалады. Дәміңді татып тұрып, сатып кетсе, Дәм ұрсын деуден басқа не қалады. Сұм теке сүйкенеді шоқша талға Шырмалар ер талабы оқсатарда. Өз елін өзі қарғап алжиды екен, Айналып ақсақалың боқсақалға Дос көрдім ытырынған басқалардан. Қас көрдім сыпырылған маскалардан Өзіңнің қара көзің зәрін төкті-ау, Қап-қара сауыттардан, каскалардан Маңғыстау, өскен кеше құмыңда аунап, Ұлдарың не болғанын ұғынбауда. Ал, мынау алаң кеше шейіт жатқан, Менің маңдай терімнің құнын даулап. Ерлікке басын билік иді ме екен. Жоқ әлде шыныменен сүйді ме екен? Қарғыс алған қаламыз алғыс алар, Бекеттің атын алса дейді ме екен. Жолына сені атқанның нағылет де! Тілегін қорқаулардың қабыл етпе! Алашқа олжа салған бұл қаланың Жетпеген қолы жалғыз Әділетке. Байқасаң батасыздың бағы кетпек. Атыңды өзгертем деп тағы нетпек? Ел өзі тілеп қойды жоғын сұрап, Есімін бұл шаһардың Әділет деп. А, Құдай, көңілімнен күзді ұмыттыр! Өтпейін өмір бойы үздігіп құр. Тілеген ізгу дұға көп шейітке, Бір аты бұл қаланың Ізгілік-дүр. Несібем мол, өйткені пейілім көп. Пейілімді алмашы, ей, ұрым, тек! Жолаушым соғып жатсаң білерсіңіз, Бір аты бұл қаланың Мейірім деп. Күрсінген күмбезінен айы мұңды, Пір Бекет, ұрпағыңа зайырың бұл. Алашқа несібесін бөліп берген, Бір атын бұл қаланың Қайырым біл. Жілігі жырымыздың тати ма, аға? Сен ұстаз пәниге де, бақиға да! Жаттаған Құдай сөзін Нұрға мырза, Қариың қайда қалды, Сақи қала? Кезбе бұлт, төгіп шықшы кезеңге ана. Сен әлі жылап жүрсің сезем, Дала. Қайғысы түннен қара, түңілгенде Қай қала, мына қала Өзен қала! Жігіттер, аспаңыздар, таспаңыздар! Жат жолға жарты қадам баспаңыздар. Жедінің желді күні жылиды ертең, Күн туса көктемеде қашқан ызғар. Есіңнен езгі күннің өшір бәрін. Кеш бәрін, Кең дүние, Кешір бәрін! Жетім ұлың жетіліп кетер сенің Ошағыңды күзетер жесір жарың. Ойнасын билік мейлі көзірімен… Туған әке ұстаспас өз ұлымен. Төс табаны түйенің жұқа болар, Терісі кең халықтың төзімінен. Десеңде кесегіңді сыбай берем Шыдаймыз Шыдағанбыз. Шыдай берем. Атақ па, ақша ма әлде, мұнай берем. Қайғыдан қара өлеңді құрай берем! Шүкірміз, Шүкіршілміз. Шыдай берем. Шыбын жан да шыдайды, Шыдайды Өлең! Шыда сен де бәріне Шындық Қала, Шүкіршінің көзінен Құдай көрем! Әнуарбек Бимағамбет
Авторы:
aza

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту