Ескі архив · 11.04.2013 17:02

Тавтология

Журналистика факультеттерінде жазу шеберлігіне үйрететін мұғалімдердің ең басты міндеті – студенттерді тавтологиядан арылту. Екінші міндеті де осы, үшіншісі де! Тавтология қазіргі журналистиканың, әсіресе тележурналистиканың тіліне әбден дендегені сонша норма ретінде қабылдайтын күйге жеттік. Ең жаманы – логикалық тавтологиялар. Жаңа ғана айтылған ойды өңін айналдырып қайталау. Мысал үшін төмендегі мәтінді қарастырайық. «Қатыгез ана өз баласын 30 мың долларға сатпақ болды. Талдықорғанда тіркелген сұмдық оқиғаның басты ұйымдастырушылары — ана мен әже. Бірінің — бауыр еті баласы, екіншісінің немересі болған 2 жасар бүлдіршін полицейлердің арқасында аман қалды. Құқық қорғаушыларға жедел ақпарат түсіп, олар дер кезінде қылмыстың алдын алып үлгерген. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал, облыстық ішкі істер департаменті сатылудың аз-ақ алдында қалған бала Талдықорғандағы сәбилер үйіне жіберілгенін хабарлады.» * «Ұйымдастырушылар – ана мен әже. Бірінің – бауыр еті баласы, екіншісінің немересі». Бірінші сөйлемнен баланы сатушылардың кім екенін, олардың сәбиге қандай туыстығы барын білдік. Екінші рет қайталаудың қажеті қанша? Әрине, мұны журналистің мәтінге әлдеқайда қою реңк, әсер беруге ұмтылуымен түсіндіруге болады. Дегенмен, әр секунды санаулы тележаңалықтарда мұндай «көкектік» артық. Әрі қарай «… 2 жасар бүлдіршін полицейлердің арқасында аман қалды. Құқық қорғаушыларға жедел ақпарат түсіп, олар дер кезінде қылмыстың алдын алып үлгерген.» Тағы да дәл сол қателік, жаңа ғана айтылған ақпаратты езгілеп, шайнай беру. Құдды, журналистке мәтіннің көркемдігі мен ақпараттың сапалылығы емес, сөз бен сөйлемнің санына қарай ақша төлейтіндей әсер қалдырады. Және бір мысал: «Елімізде жекешелендірудің екінші толқыны басталады. Яғни мемлекет меншігіндегі нысандар жеке кәсіпкерлерге беріледі. Әрине тегін емес. Қазіргі таңда оның жолдары нақтылану үстінде. Кәсіпкерлермен өткен кезекті кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіру ісінде асыра сілтеуге жол жоқ деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының айтуынша, кәсіпкерлікті қарқынды дамыту үшін міндетті мүшелік мәселесі оң шешімін табуы тиіс. 7 жылдан астам уақыт дау тудырған міндетті мүшелік енді қалай шешімін табады.»* Алғашқы сөйлем түсінікті. Екінші сөйлемнің қажеті қанша деген сұрақ туады. Әлде «жекешелендіру» бұрын-соңды қолданыста болмаған, тәппіштеп түсіндіруді қажет ететін термин бе?! Жоқ! Енді соңғы екі сөйлемге назар аударыңыз. «… оң шешімін табуы керек… қалай шешімін табады». Дауыстап оқып көріңіз, құлақты осып түседі. Бұл тура тавтология. Синоним таба алмағандай бір сөзі бірнеше рет қайталау. Ортадағы сөйлемдерге де көңіл бөліп қою керек. «… асыра сілтеуге жол жоқ деді… оң шешімін табуы керек...» дегенде не ұғамыз? Асыра сілтеу — мемлекеттің барлық меншігін сатып жіберу ме, оң шешімін табу – мүшелікті міндеттеу ме, әлде мүлде алып тастау ма? Түсініксіз. Дегенмен, бұл тавтология туралы тақырыптың аясы емес. Келесі жолы талдап көрерміз. * — бұл мәтіндерді ойдан шығарған жоқпын. Өздеріңіз күнде көріп жүрген телеарналардың жаңалықтар қызметінің журналистері жазған материалдар. Қауымдастықтың бірінші мақаласында ешкімнің атын атамауды жөн көрдім. Пы.сы. Әріптестерім ренжімесін. Қателеспейтін адам жоқ. Менің де қателерім көп. Және түзеткен адамға алғыс айта аламын. жалғасы
Авторы:
Marco

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту