Онанизм. Марк Твен айтқан әңгіме
1879 жылы Парижде өткен Stomach Club-ының отырысында Марк Твен сөз сөйлейді. Американдық суретшілер мен жазушылардан құралған клубтың бұл басқосуында — жазушы өз әңгімесіне онанизм тақырыбын тиек еткен-ді.
Онанизм ғылымы жайлы бірер сөз
Stomach Club-ының кешкі отырысы, Париж, көктем, 1879 жыл
Деннің саулығы мен адамгершілік хақында жазған барлық атақты авторлар осынау ұлы тақырыпты айналып өтпеген. Өткен дәуірде жасағаны да, қазіргі қатарымызда жүргені де әйтеуір бір соға кеткен. Бұл — онанизмнің маңыздылығы мен әлімсақтан келе жатқан іс екендігінің айғағы. Ойшылдардың бірі жақтап, даңқын асыра дәріптесе, екіншісі қолдамай, қарсы шыққан.
Гомер, «Илиаданың» екінші кітабында: «Маған не мастурбацияны, не өлімді беріңіз!» деп, желпіне жазады. Цезарь болса, «Естеліктерінде»: «Жалғызға — жолдас, қаңғыбасқа — жұбаныш, кәрі мен әлсізге — жарылқаушы. Жарлы-жақыбайды бай деп айтсақ та жарайды, өйткені оған да патшаның осы алданышы, һәм ермегі берілген» дейді. «Естеліктерінің» және бір жерінде жіті байқампаз патша: «Уақыт өткен сайын содомияны дұрыс көріп барамын» деп ескертіп өтеді.
Робинзон Крузоның алғысы тіптен шексіз. «Мұндай нәзік өнерге қаншалық қарыздар екендігімді сөзбен жеткізе алмаймын» деп, басын ие мойындайды. Елизавета патшайым: «Онанизм-қыздықтың қорғаны, пәктіктің қалқаны» дейді. Зулу елінің патшасы Сетевайо бірде: «Аспандағы тырнадан, алақандағы бұтақ артық» деп абайламай айтып қалады. Өлмес Франклин: «Мастурбация-тапқырлықтың анасы, саясат біткенің ең тәуірі» депті.
Микеланджело болса, Рим Папасы Юлий II-ге: «Жанкештілік — игі іс, сабырлылық-ерлікке пара-пар, өзін-өзі кемелділікке жеткізу-пайдалы-ақ. Алайда, мұның барлығы өз мейірін өзі қандырумен салыстырғанда жұпыны ғой» деп айтады.
Ал, өзіміздің Браун мырза соңғы өлеңінде: «Дәмін алған пенде, әсте сүймей қалмас оны. Нирванаға жетер төте жол-ол» деп мәнділігі ғасырларға жетер әсем жолдарын арнайды.
Көрнекті білімдарлар мен апологеттердің өзі осы бір айтулы өнер туралы солай дейді.
Дегенмен, қарсы шығып, наққа жібергендердің де санына есеп жоқ. Олар онанизмді теріске шығаратын дәлелдер келтіріп, жалыны шарпыған отты сөздерін арнады. Оның бәрін мысалға келтіріп, бұл жерде айтып жатуға мүмкіндік жоқ.
Мормондардың басшысы, даусыз беделге ие Бриэм Янг: «Егер мұны (онанизмді) басқа да іс-әрекеттермен салыстырып қарасақ, арасындағы айырмашылық: жарық қоңызы мен жай отындай» деп шорт кесті.
Соломон: «Оған тек арзаншылық ғана жарасады» деп айтып салды.
Пален: «Осыншалық ғажап мүшені соншалық арам әрекеттерге пайдалану — ұят. Біз, бұтақты адам тәніндегі ең таңғажайып мүшеге балаймыз. Ғылым адамдары өз арамызда оны «аталық сүйек» дейміз. Тіпті кейде сирек те болса: «Os Generale» дейміз. Мұншалықты кемсітіп, қорлайтыны бар, сол генералдың басын шауып алған жөн» деп күйіне айтады.
Көрнекті санақшы Адам Смит парламентте жасаған баяндамасында: «Менің ойымша, осының кесірінен жойылып кеткен балалардың саны — кез-келген зұлматпен салыстырғандағы адам өлімінен әлдеқайда көп» деп келтіреді.
Осындай даулы беделге ие мұндай өнерге құрметпен қарау керек екендігін теріске шығаруға әсте болмайды. Сөйте тұра, оның зияндылығы — кінә артып, мін тағуға лайық. Дарвин мырза кезінде маймылды — адам мен жан-жануар арасындағы аралық түрге жатқызған теориясынан бас тартып, жүрегі сыздай отырып, теріске шығарған-ды. Соны бекер істеді деп ойлаймын. Өйткені, маймыл — адам баласынан өзге онанизммен айналысатын жалғыз хайуан. Сондықтан да ол біздің туысымыз. Яғни, біздер — бірдей сезімді бастан өткереміз, және ішкі көңіл-күйіміз де бір-бірімен өзара туыстықпен байланысады. Осыбір ақылы бар жануарға лайықты аудиторияны (онанизммен айналысып жатқандарды) көрсетсеңіз, ол сол мезетте барлық шаруасын тастап, дүбірге ілеседі.Физиономиясынан байқалған діріл мен рахаттанған сиқына қарап, маймылдың да бұл іске таза адами энтузиазммен кіріскенін түсінесіз.
Мұндай зиянды ойынмен шектен тыс әуестенушіліктің белгілерін айыру қиын емес. Қомағайлық, сусырай беру, шылымға деген ерен әуестік, күлегештік, қылжақбастық, ерсі оқиғаларды көп айту, ең бастысы сурет салуға деген тоқтам бермес ынтызарлық. Онанизмге әдеттеніп кетудің ақыры — ұмытшақтық пен жадын жоғалтуға, батылдығы мен оптимизмдігін әлсіретуге алып келіп, ұрпақ өрбіту қабілетінен айырады. Жыныстық белсенділіктің барлық түрінің ішінде осы онанизм ғана — мақтап-мадақтауға лайықты емес.
Көңіл көтеріп, сауыққа айналдыру үшін де жарамайды: тым өткінші, бар рахаты жалт етіп өте шығады. Тұрақты айналысуға да келмейді:өте тез жалықтырады. Көпшілікке көрсетіп, мақтан етуге де арзымайды: ақша әкелмейді, тиын таппайды. Қонақжайда айналысу — ақылға қонбайды. Мәдени орталардан қуылып, ысырылған.
Мінеки, өркениет дамып, әдет-ғұрыптар қайта қаралып, түсініктер сұрыпталған қазіргі уақытта онанизмдік әрекеттер — жел жіберумен теңестірілді. Бұл екі шаруаны жабық есік жағдайында өткерген дұрыс деп қабылданды. Немесе, тек кілең еркектердің ортасында өзгелердің келісімін алғанда ғана орындауға жол беріледі.
Сөз соңында айтарым, егер де өзіңіздің жыныстық өміріңізді ақылға сиятындай шеңберде реттеп алғыңыз келсе, «Қолыма жетер, қожа жоқ» дегенді айналсоқтай бермеңіз.
© Марк ТВЕН
Түпнұсқа: орысша, ағылшынша,125-127 бет
Суреттердің мекені: Марк Твен; қалғаны уикибайда
пы.сы: Суреттер мен видео бөлек қосылды. Суреттердің үстіне барсаңыз, түсініктемесі қалқып шығады
