Ескі архив · 10.08.2013 23:50

Әже дініме қайтпайтын болдым, өйткені...

Заманның түзу, Сатыбалдының көзі оң кезінде бірде маған жанашырлықпен, бәлкім астарында кемсітушілік жатты ма білмеймін, әйтеуір: "әже дініңе қайт" дегені бартұғын. Сол кезде ептеп ойланып қалған едім. Сөйтіп қайтпайтындығымды мәлім еткім келеді. Себебі, реті келгенде Муха (өзі кешірсін) пәтуасын шығарып қойған екен. Соған қарағанда ол кісіге де кезінде "әже дініңе қайт" дегендер болса керек. Зер салып, енді байқаған жайым бар. Сонымен керейлер Иса Мәсіхке иман келтіріп, шоқынған ба? «Шыңғыс хан» романынан ықшамдалып алынған төмендегі мына үзіндіге көз жүгіртсеңіздер болады. Мәрхаббат. «Рәшид-әд-Дин: «Керей жұртына Иса Мәсіхтің уағызы жеткен екен», – деп жазады. Сырттай айтылған деректерге қарағанда, Керей хандығының христиан дінінің нестор тариқатын мақұл көруі – XI ғасырдың бастапқы жылдары. Яғни, Шыңғыс хан заманы, дағдарыс пен күйреуден екі жүз жыл бұрын. Соншама уақыт бойы шоқынды болған сияқты. Керейден кейін, немесе олар да осы шамада, найман, меркіт, оңғыт рулары да нестор-христиан дініне көшіпті. Біз тарихта таңбаланған деректі түбірімен теріске шығармаймыз. Бірақ тұтас екі ғасыр бойы ұстанған дін халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына белгілі бір ықпал жасауы керек қой. Басқаны былай қойғанда, жаңа дінге көшу – адамдардың есімін жаңартудан басталады. Мәселен, христиан дінін күні кеше ғана зорлықпен қабылдаған түрік текті якуттар мен шыбаштар тұрыпты, ерікті славян нәсілі орыстардың өзінің аты-жөні бастапқы ұлттық тамырынан ажыраған, нәтижесінде әуелгілер қара Иван болса, бұлар сары Иван болып шыққан, ал мұсылманшылыққа көшкен біздердің есіміміз түгелге жуық араб-семит негізді. Керісінше, Шыңғыс хан заманындағы, екі ғасыр бойы шоқынды болды деген меркіт пен оңғыт, керей мен найманның ханынан қарасына дейінгі аралықтағы, таңба түскен ондаған есімнің ішінде ғайри дінге жанасатын, түріктік емес бір де бір кісі атын ұшырата алмаймыз. Дәстүр-салтында да бұрынғы түріктік, ежелгі көшпенді қалыптан тыс ешқандай бөгде сыпат көрінбейді. (Шығыстағы көшпенділер арасында христиан дінінің айрықша өріс алуы туралы әңгіме – крест жорықтары кезінде тараған лақап; кейінгі, христиан қауымы әлемдік өктемдікке жеткен кездегі үстеме, рухани экспансия өткендегі жіптік түтінді қордалы қоңысқа ұластырды, жақын кезеңде түгелдей жанышталуға, одан қалғаны жаңа дінге көшуге тиіс жабайылардың аз-маз сана, түйсігі бар кейбір топтары бағзы заманда кәдімгі христиан болыпты-мыс! Мәселенің екінші бір ұштығы – бұл жұрт Иса Мәсіх ілімінен қуат алған себепті әлденендей мәдениетке жетті деген байлам. Айналып келгенде, осының бәрі – кәдімгі отаршылдық идеологияның тұрпайы бір көрінісі ғана.) Сонымен, бұрынғы-соңғы Батыстың ғайри дін, астам пиғыл жетегіндегі оқымыстылары айрықша тұздықтап, қаттастыра айтатын мәселесі – меркіт пен найманның, керей мен оңғыттың нестор-христиан дінінің адал үмбеті болғандығы туралы байып, байламдар – отаршылдық қиялдан туындаған, түп дерегі шатқаяқ, ғылыми негізі тұрлаусыз әсіре дерек, артық лақап болып саналуға тиіс. Шет жұрттың жалаң сөзіне емес, осы ру-тайпалардың сол кездегі тіршілік кебіне, адамдар арасындағы қатынас, әрқилы оқиғалар тізбегіне қарасақ, мүлде басқаша қорытынды жасауға тиіспіз. Тегі, бір заманда билеуші топ әуес көрген жат ағымның аты бар да заты жоққа жақын, ал жалпы жұрт тек ежелгі тәңірі дінін ғана ұстанғаны көрінеді. Мұның тағы бір айғағы – кейінгі заманда бұл атаулы жұрттың ешқандай қарсылықсыз ислам дініне көшуі болса керек.»
Авторы:
Aya

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту