Желінбей қалған таяқ
«Аңың шықса, өзіңнен көр». Бүлдік©
Тоғызыншыны бітіріп, кенттегі Техникумның «автоэлектрик» мамандығы бойынша І-тыңдалымға түсіп, курсант атанып, қоразша маңғазданып жүрген шақтардың бірінде, агрономдағы Дариғаның туған күн кешіне шақырту алдым. Туған күн жақсы өтті. Аз-мұз спірт де ішілді. Светті өшіріп бәліске түстік. Бұл жолы Луизға ғана құрық тастай алдым. Тым сүйкімсіз де емес. Бірақ аса тәбетті де шақырмайтын қыз-тын. Қайтарда Төрткемпірдегі үйіне дейін жаяу шығарып салып, қараңғы жерде «оны-пұны» шаруаны тындырған болдық. бірақ ойымды пәтерге қайту уайымы жеп жатыр. Өйткені кенттің жергілікті өспірімдері өте бұзық. Жалғыз-жарым жүрген келімсек курсанттарды көрсе аямайды. Ермекке алмұрт қылады. Оның үстіне кенттің шетіне шығып кеткем.
Луизбен асығыс қоштастым да, суыт жүріп кеттім. Екі қолымды бауырыма алып, желіп келем. Кенет Калинин көшесі мен Соқпақбаев көшесінің қиылысынан шалт бұрылғаным сол еді, таяқ тастам жерде бір үйір жергіліктілер отыр екен. Дабыр-дұбыр әңгіме. Тасадан жарқ етіп шыққан мені олар да байқады-ау, әңгімелері кілт үзілді де, тым-тырыс уақыт орнап қалды. Артқа қайтуға жол жоқ. Дәл осындай мезетте тез әрі дұрыс шешім қабылдамасаң өміріңе оң да сол да өзгерістер енуі мүмкін. Сонымен тәуекел дедім де, солардың ортасына қарай тарттым.
— Ассаумкем!
— Әлікс!
— Әліксалам!
— …!
— …!
Бәрімен қол берісіп амандасып, сытылып шықтым да ары қарай жүре бердім. Артымнан «мынау кім», «сенің танысың ба», «кіммен амандасты», «таныдың ба өзі» — деген күбір-күбір дауыстар естіліп жатты. Сол дауыстар бәсеңдейім дегенше менде келесі көшеге түсіп ғайып болдым…
