Қызылқия хроникалары. Алкогольсіз сыра, кетік саптыаяқ және адасқан "водовоз"
Бірінің өнері бірінен асқан блогерлер сайысында маңдайыма қара тігілгендей, ешқандай байланыс ұстамайтын, спутник антеннасы арқылы интернетті бастықтан тек шектеулі уақытқа тіленіп алуға болатын жерге көшкенімді қарашы. Уақытым да барынша тығыз. Сондықтан, күніне жарты сағат болса да, блог жазуға бөліп, содан шыққанын оқырманға ұсынамын деп шештім.
06.05.2014
Төрт жылда екінші үйіме айналып үлгерген шағын вагоншығымыздың ішінде, тілге тиек қылар не бар өзі?!
Осындай қызығушылықтан гөрі сенімсіздігі басым оймен асханамды тінтіп шықтым.
Жоқ. Мұның бәрін мен ішпеймін. Канадалық әріптесім екеуміздің ортақ "қазынамыз" бұл. Ол «Фанта», «Кока-кола», «Спрайт» сияқты газды сусындар, жалпы тәттілердің нағыз фанаты. Мен қою сүтті кофені жақсы көремін. Бірақ, жазда олар шөлді басудың орнына, керісінше бойыңды құрғатып, шөлдетеді. Сондықтан, бәрібір, айналып кеп, шөлімізді сумен басамыз.
Менің жұмыстағы сусын таңдауым газсыз су, сүт, көк шайға қарай ығысады. Кейде протеин коктейлін ішемін. Ал томат шырынының құрамында тұз тым көп екен. Соны «Гугл» айтпайынша байқаймағаныма таң қаламын. Шынымен де, тұзды ғой дәмі. Әттең, енді бүйректен бүгіліп қалмау үшін, оны да мөлшерлеп ішеміз бе?
Дүмше сыра
Алдыңғы суретте тоңазытқыштағы сыраны байқап үлгердің бе? «Белсіздікке ұшыраған» бұл сыраның басқа сусындардан ерекшелігі — ол құдайға да, сайтанға да ұнамайды. Тәқуалар сыра атаулының бәріне қыли қараса, ішкіш қауым «алкогольсіз сырадан кейін — резеңке әйелге қырындау керек» деп оны менсінбейді. Сондай бір оңбаған, дүбәра сусын.
Күн қияға батқанда, әлеуметтен оқшау Митчел екеуміз отбасымыздың амандығы үшін тілек айтып, «нулевкіні» сылқытамыз. Бұл бізге вахталық тәртіпке бағынған өміріміздің қоңырқай палитрасына, өзінше бір алуандық қосып, жүгенсіз еркіндіктің елесін сезуге мүмкіндік береді.
07-05-2014
Маған бәле боп жабысқан бір саптыаяқ бар, осы вагоншықта. Өзінің жиегінде бірнеше сынығы бар, кетік-кетік. Бұдан басқа тәуір саптыаяқтардың барына қарамастан, айналып кеп қолыма түсе береді. Мұнымен шайды да, сүтті де, суды да іше беремін. Ал бастығым «сен сыртындағы сылқымға ғашықсың» дейді.
Бірақ мәселенің суретте емес екенін ішім сезеді. Осыны талай рет жаңасына ауыстыруға оқталып, ұмытып кете бердім. Мүмкін менікі бала кезден қалыптасқан мүлікке деген энафизмнің, яғни қанағатшылдықтың бір түрі ме екен? Әлде, әдемі сөздермен өзімнің ескі-құсқыға құштарлығым мен қарабайыр дүниеқоңыздығымды ақтап алғым келе ме? Мүмкін бұл менің жасырын фетишім шығар? Білмеймін. Білерім — пайымдаудың бергі, өзіме түсінікті деңгейінде маған бәрібір саптыаяқ сыртындағы суретінен, ішіндегі сусыны маңыздырақ екен.
08-05-2014
Күнделікті басшылыққа есеп беру рәсімін аяқтай сала, ұйқы ұясына сүңгіген канадалық әріптесімнің қорылы Қызылқия кен орнының тыныштығын тілгілеп, тымықтығын тәрк етуден 24 сағат, 7 күн жалықпайтын дизельді генератордың гүрілімен децибелдер бәйгесіне түсіп жатты. Сағат кешкі сегіз болатын.
Әдетте, он екісіз көз ілмейтін супервайзердің бұл жатысын түсінуге болады. Соңғы күндері еншімізге қатарынан үш рет түнгі кезекшілік тиіп, жастыққа басы бір тимеді. Иә, менің де тап қазір сергектіктен секіріп тұрғаным шамалы. Бірақ даладағы гүріл мен іштегі қорылдың тамаша үндестігі маған бүгінгі күннің әсері кетпей тұрып, блогымды шимайлауға ерекше екпін берді.
Берілген жоспарға сәйкес, бригадамыз бүгін ұңғының су қабылдау қабілетін тексереді. Алдымен, әрқайсысының орта салмағы 90 келілік құбыр талдарын бір-біріне жалғап, ұңғыға түсіреді де, ұңғының су қабылдай алатын жер қабатынан басқа бөлігін оқшаулайды. Ол үшін осы құбырлар арқылы белгілі бір тереңдікке тығын орнатылады.
Содан кейін бригада тиісті темір желілер мен жұмсақ шлангаларының бір басын ұңғыға жалғап, бір басын үлкен төртбұрыш, сұйықтық толы «тайқазанға» жалғап, оны агрегатқа қосып, жоғары қысыммен ұңғыға су айдайды. Мастер мен супервайзер басталған уақытты белгілеп, берілген қысымнан түсірмей, 10 минут су айдағанда, құдық қанша су жұта алатынын есептейді. Ағылшынша «injection test» деп аталатын бұл операцияны мен «суарып тестілеу» деп атаймын.
40 кубтық өндірістік су құйылған көлемге сүйенген «Сарыағаш» суын көрдім де, он минутты пайдаланып, жұмысшы құрдасымды сөзге тартып, күніне бригаданың орта есеппен қанша су ішетінін сұрадым.
" Жазда онша тамақ та іздемейсің ғой, шай мен «Сарыағаш» болса болды. Қайта қазір күн салқындау боп тұр, шілденің шөлі қысқанда, 6 блокпен тек мұртыңды шылайсың да қоясың"— дейді, Алмат құрдасым.
Берілген он минут өткен соң, ұңғымыздың 50-60 атмосфералық қысымда шамамен тәулігіне 480 куб су жұтатынын есептеп шығардық. Иә, жоспардағыдан көптеу. Тек бұл қабылдаушы «скважін» үшін жақсы көрсеткіш.
Жоспардан артық сусаған тек скважина емес екен.
Алмат айтпақшы әдеттегіден «салқындау» ауа-райына қарамастан, жігіттердің де, шай мен тамаққа қататын ауыз суы таусылуға келіпті.
Кенет, терезеден қарасам, ұңғымыздың маңына бір «водовоз» келіп тоқтапты. Жігіттер аттандап, флягтарын алып, сыртқа жүгірді. Су алған мезетті ұстап қалмақ боп, фотоаппаратымды алып, атып шықсам, асыққан «водовоз» қоянның ізін салып кетіпті. Сөйтсем, ол ауыз су бізге арналмаған екен. Бөлек фирманың адасып кеткен тапсырысы. Ал бригада жігіттері «сізді бізге құдай жібердіге» салып, флягтарын бәрібір толтырып алыпты. Ай, сабаздар!
Басында айтқан жылаңқы әңгімем, аптаның соңына қарай жай ғана сылтаулар секілді көрінді. Осындай жағымды жаңалықпен, әрі жаратқанға мың тәубе айтумен хроникамды аяқтағым келеді.
