Блогиада: мақсаты, мәні және мәнсіздігі.
Бұл көптен жүрген ой еді. Қума ой, қисық пікір, асқынған аллегория күтпей, езуіңіздегі күлкіні жинай отырып, барынша салмақты түрмен оқып шығуға тырысып көрші дос!
Блогиаданың мақсаты не еді? Ұйымдастырушылардың ресми сөздерін ресми сайттан қиналмай тауып аларсыңдар, менің миыма келген ойларды тізбектеп шығайын:
— Әшейінде ауыз жаппағанымен жазуға келгенде желкесінен жалқаулық мініп алатын қазнеттің тұрғындарына бір стимул;
— Бір қуыста жүріп алып, жазғанын ешкімге көрсетпей немесе көрсете алмай жүрген бала-шағаға жарыққа шығуға мүмкіндік жасау;
— «Біз бармыз!» деп шекеден күле қарайтын өзге тілді блогерлерге дөңайбат көрсету;
— Бір-біріңмен тәжірибе алмасу;
Бірақ не көрдім? Шынын айтайын, тек қана «Лайк үшін өмір» көрдім. Барлығы деп айтсам айып болар, бірақ басым көпшілік қатысушылар «аты шықпаса жер өртеуге» тырысты. Ия, «жарыс сонысымен қызық қой, онда тұрған не бар құдаяу?!». Түсіндірейін. Ол үшін аздаған түсіндірме:
Менің пікірімше блогер – өзіндік қолтаңбасы бар, жазбасына қарап авторын танитын, мүмкіндігінше салалық жазбамен айналысатын адам. Салалық алаң кішірейген сайын сапа да арта береді. Ал блогиадада бір тақырыптағы жазбаның 80 пайызы бірсарынды. Бір жазбаны оқысаң болды, қалғандарының суретіне қарап не туралы екенін мөлшерлей бересің. Және жаңалық жеңген жазбалар болды. Бұл кәдімгі кез-келген журье жаза алатын нәрсені қазіргі мен сияқты ерігіп отырып ұсынуға болатын шығар, бірақ блогиада үшін беруді өз басым кемсіту деп санадым.
Әлқисса, 80 пайыз жазба ұқсас болған соң ғана біздің қатысушылар ерекшелініп, «жер өртеуге» кірісті. Бірақ, жазба стилінде «оттай жанып» тұрған ештеңе болмаған соң бәрі бекер еді. Сондықтан жоғарыда айтылған «лайк үшін өмір» блогиада салмағын тым жеңілдетіп жібергендей болды…
Қазылар… Құрметті қазылардың кәсіби деңгейіне шегім жоқ. Бірақ жоғарыда айтылған нәрселерге бейресми, жалпылама түрде болсын бағыт сілтеп, бір ауыз кеңес айтар деген үміт болды. Бірақ… қате санап, «қара тізім» жасағаннан аса алмадық. Түсінемін, уақыт, қатысушылардың көптігі, жеке сараптамаға келгендегі қиындық… Дегенмен қазы атануға келісімін берген соң ауыздарына қарап отырған жамағатқа бір уағызын арнауға уақыт табуға міндетті деп санаймын.
Ұсыныс. 1. Блогерлер үшін. Әсіресе жастарға. «Қасқыр» аға-апаларыңа еліктемесеңдер. Олар өз дегенін айтып, мойындары қатып кеткен адамдар. Сендер өз жолдарыңды іздеңдер. Біреуді жазбасы көбірек ұпай алса, дәл сол жазба блогосфераның эталоны деген сөз емес. Ұпай үшін емес, «кәйіптерің» үшін жазсаңдар. Әйтпесе кейбір жазбадан «Қайтсем жоғары ұпай алам» деген күлімсі иіс мүңкіп тұрады… 2. Қазыларға. Сіздерге бірдеңе айту ыңғайсыз. Ұпайларыңызды не үшін қойғандарыңызды айтпасаңыздар да, тым болмаса бала-шаға жазбаны жетілдіру туралы кеңес айта отырсаңыздар. Барлығымыз оқиық. Түзелейік. Сіздердің басты миссияларыңыз жеңімпазды анықтау емес, қазнеттің контентінің сапасын артыру деп түсінемін. Блогиаданың мақсаты орындалсын.
«Дос жылатып айтады». Ұйымдастырушылар да, қазылар да, қатысушылар да менің достарым. Араласып, әңгімелесіп, анда-санда «дүзграммдатып» жүргендер. Бұл жазбаны «кеткен қыздың сандырағы» деп емес, «жанашыр ағайынның ақылы» деп қабылдауларыңызды сұраймын. Ертең керектің фейсбуктегі тобынан шығарылып, сайттағы қара тізімге ілікпеймін-ау деген үмітпен
Алмас Көзілдірік
