Ескі архив · 11.07.2014 23:56

Синемалогия. Көңіліңнің бір жұмбағын кино шешсін

Психоанализ мектебінің қысқы сабақтарында курсымыздың бірер сағаты топтасып кино талқылауға арналған болатын. Мен көрген процесс маған барынша қарапайым көрінді: 1. Кино қараймыз. 2. Топ ішінде өзара әсерімізбен бөлісеміз. 3. Маман (психоаналитик) қорытады. Міне, осыны психологтар синемалогия немесе кинотерапия деп атайды. Тек оны кинотанумен шатастырып алмаңыз. Кинотану кино өнерін, кинематографтың тарихын, түсіру барысы мен техникалық егжей-тегжейін зерттейді. Синемалогия термині Италиядан келген. Оған алғаш анықтама берген Антонио Менегетти — психолог, философ, суретші және тағы жеті кәсіптің иесі. Бұл амигоның кітабында синемалогия психотерапия тәсілі ретінде қарастырылады. Стоп. Стоп. Бәрі жақсы делік, ал психоанализ, психотерапияға қатысы жоқ адамға синемалогияның қандай пайдасы болуы мүмкін? Синемалогия онымен айналысқандарға мынадай «бәліштер мен тоқаштарды» ұсынады: • Қабылдау көкжиегіңіз кеңейеді. Мәселеге басқаша қарау қабілетіңіз дамиды. • Шешілмей жүрген мәселеңіздің төте шешімі табылып, тығырықтан шығуға жігер пайда болады. • Ішкі ресурстарыңыз оянады. • Өзіңізге деген сенім артып, әрекетке ынта пайда болады. • Қайғыдан аман өтуге, ауыр ақиқаттан қашпай, оны сабырмен қабылдай білуге көмектеседі. • Жасқаншақтық пен жалған үрейлеріңізді жеңіп, сұлулық туралы кеңірек түйсік қалыптастырады. • Тұлғалық ерекшелігіңді екшеп, мінез-құлқыңызға сырттан қаратады және т.б. Ал біз болсақ, дәрістер бітіп, топтағы жұмыстар аяқталған соң, бөлек аудиторияға жиналдық. Бізге «1+1» француз фильмі көрсетілген болатын. Фильмде мүгедек миллиардер мен түрмеден кеше шыққан қаранәсілді жас жігіттің тағдырдың тәлкегімен пайда болған тандемі туралы баяндалады. Киноны талқылаудың да түр-түрі бар ғой. Бір қарағанда, біздің талқылауымыз кез келген фильм талқысынан айырмашылығы болмады. Жамырап, мақтап, эмоцияға ерік бердік. Ұстазымыз «хаостың» тынышталғанын біраз күтті де, кино қарау барысында неге көңіл бөлу керегін айтып, аудиторияға нақты сұрақтар қоя бастады:. 1. Фильмнің басты идеясы неде? Неге үндейді? 2. Басты кейіпкер кім, олардың әрекеті мен мінез-құлқында нендей қисын бар? 3. Басты оқиғалары не? Олар нені білдіреді? Жауаптар әртүрлі болды. Халипа: «Меніңше, фильм қоғамда өз орнын таппағандардың бірлесіп, бірін-бірі демеп жүрсе, өмірге оңай икемделетіні жайлы сияқты» Уәлибек: «Нағыз сырттан екен ана афрофранцуз. Мүгедектерге „быригол ұстаған“ дұрыс емес, ғұӘ!» Йемен: «Хи-хи, қара бала анаған бауыр басып қалған ба сонда?» Нұртөре: «Ей, қасқа, өз басымен дәретке отыра алмай жүріп, жүгірмекке біраз дүниені үйретіп жатыр. Анау қызынан қайыр болмаса, қайтед енді!» Ядвига: «Да-а, басты оқиға, әнебір қырыныватқанда Гитлер сияқты ғып қоятын жері. Ма*ма :D Күлкім кекетті, ажЪ!» Әрине, дәл бұлай демедік. Саяси мүдде, діни уағыз бен тәңіршілдік нышандарын іздеу тұрғысында емес, жеке адамдардың қарым-қатынасы, олардың ішкі арпалыстары аясынан шықпағанымызды айтқым келеді. Соның өзінде, қорыққанға қос көрінеді демекші, бір ғана эпизодтан, әр адам басқалардың миына да кіріп шықпайтын дүниелерді байқайтынына куә болдық. Ішімізден кейбіріне, «бұл жолы қудың енді» деп, кейбіріне «шынымен-ақ, қалай дәл байқағансың-ей» дестік. Әр адамның түйгені өзіне хақ. Ұстаз басты кейіпкердің бірі қара нәсілді күтуші Дрисстің зайырлы шарттарды ұқпайтынын, нәпсісінен қымсынбайтынын, батылдығы мен өмірге жеңіл қарайтынын тілге тиек етіп, оның образы бейсанамыздағы сәби яки Идті бейнелеуі мүмкіндігін айтты. Олай болса, мүгедек миллиардер Филипті, керісінше, қатал, барынша талғампаз, кірпияз супер-Эго яки ата-ана символы ретінде тәпсірлеуге болады. Бір адамның бойында осы екеуі (бұзық бала образы мен қатал ата-ана образы) үнемі күресте болса, ол адам бақытты болмайды-мыс. Кино аяғында, екеуінің бірінсіз бірі жабырқау күйге түсетіні соны меңзегендей. Ал екеуінің тату болып, бірінің кемтігін бірі толықтырып, бірлескен әрекетінің нәтижесінде ересек тұлға яки Эго қалыптасады. Кинофильм соңында жаңа адамның пайда болуы — соның белгісі екен. Жарайды. Бүгіндікке осы спойлерлеткенім де жетер. Келесі бабыма көшейін. Фильмді қалай таңдаған дұрыс? "Қандай кино көрсем екен?" деген «фәлсафалық» сұрақ «Тарантино деген қайсысы?» деп өз уақытын қалай өлтіре аларын білмей дал болған дилетантты ғана емес, IMDB сайтының топ 250 фильмін мониторы тесілгенше зорлап, амалсыздан Болливуд шығармашылығына көшкен киноманды да кенет мазалауы мүмкін. Алайда жай сауық үшін емес, өреңізді өсіру үшін фильм іздесеңіз, онда тіпті де мұқият болған жөн. Синемалогияға кез-келген кино жарай бермейді. Мысалы, сюжеті тым қарапайым, кейіпкерінің біріншісінде мін жоқ, екіншісі абсолют жауыздықтың көрінісі болатын туынды бірден «Нагорный Карабахқа» жаяу эротикалық серуенге кетеді. Сол себепті фильм барынша терең мағыналы болғаны дұрыс. Бір шектен екінші шекке секіріп, дірілдеген камераға түсірілген екі шыбынның жыныстық қатынасын жарты сағат тамашалаудан терең мән ұғатын қиялиға айналу шарт емес. Себебі, кейбір блокбастерлерде мықты авторлық идеялар боп тұрады. Мәселен, Кристофер Ноланның "Қара серісі" басқа комиксшалыс шытпақтардан сонысымен ерекшеленеді. :> Жә, мұны ұқтық делік. Тек, жанр дегенде, кілең психологиялық триллер мен драманы ғана талдау керек деп қатып қалмаңыз, басқа жанрларда да таласты эпизодтар мен рухани байытатын идеялар жетеді. Одан бөлек, жеке талғам мәселесі бар ғой. Мәселен, танысыңыз өзіне керемет ұнаған бір фильмді «күшті» деп сізге ұсынады. Сіз ол көркем туындыдан барынша ләззат алмақ болып жайғасып, «Play»-ді басасыз. Тек оның аузы кеуіп мақтаған картинасы сізді бір елі де түртпей, ақыры «пішту» дедіңіз де, ұйқтап қалдыңыз не, тіпті, лағынет айтып, құсарға шелек іздеп кеттіңіз. Керісінше жағдай — кездейсоқ ортанқол кино түйсігіңіздің түндігін түріп, ішіңізге үңілді. Онымен қоймай, кеудеңіздегі ешкімге айтпай жүрген шеріңізді тарқатып, дүниеңізді астан-кестен етті. Не болды? Кинофильм сіздің… жо-жоқ, жанрлық талғамыңызға емес, интеллектіңізге не жасыңызға да емес, ең алдымен тап сол кездегі ішкі күйіңізге дәл келді. Былайша айтқанда, өзіңіз сезбестен, сол кинодан әсер алуға іштей дайын болдыңыз. Фильм тамырыңызды дөп басты. Ендеше, кинофильмді жанры мен формасына қарай емес, тап қазіргі күйіңізге, басыңыздағы жағдайға қарай таңдауда көбірек мән бар. Кинофильмдер тізімі Жүрген жерінде «Секретті көрдің бе? Қарап көрсейші! Керемет!» деп елді мезі қылатындар бар ғой. Соларға, төмендегі тізімнен бір-екі фильмді ұсынып көріңіз. Көңіл күйіңізге сай келсе, өзіңіз де қараңыз. Кейде, бұрын көрген фильмді қайта көргенде, оның бұрын елемеген тұстарын байқап, таң қалатынымыз бар ғой. Сондай-ақ, бір кездері өліп-өшкен фильмді бүгін қарап, «осының қай жері ұнаған?» деп таңырқап та жатамыз. Демек, бізге ол фильмнің өзектілігі жойылған. Әңгіме саяси не әлеуметтік өзектілік жайлы емес екенін сезіп отырған шығарсыз. Сіздің ішкі күйіңіз бен дүниеңізден хабарым жоқ, бірақ қозғаған тақырыбы мен атмосферасына қарай, ұсынатын шешімі мен жалпы әсеріне қарай кейбір көркем фильмдерді төмендегіше топтастыруға болады. Өмірге құлшынысыңды арттыру : 1. «Дон Жуан де Марко» / «Don Juan DeMarco» 2. «Жантиместер» / «Untouchables» 3. "Әрдайым «Иә!» де!" / «Всегда говори „Да!“ 4. „Форест Гамп“ / „Forest Gump“ 5. „Емші Адамс“ / „Patch Adams“ т.б Сенімсіздікті жеңу, жігер ояту: 1. „Рокки“ / „Rocky“ 2. „Бақыттың соңында“ / „Pursuit of happiness“ 3. „Корольдың сөйлеген сөзі“ / „The King's Speech“ 4. „Жел шайғандар“ / „Gone with the Wind“ 5. „Шөлмек ішіндегі хат“ / „Message in a Bottle“ т.б. Жақынын жоғалтқандар: 1. „Елес“ / „Ghost“ 2. „Сиетлда ұйқысыз“ / „Sleepless in Seattle“ 3. „Ақылды Уил Хантинг“/ „Good Will Hunting“ т.б. Әйел мен еркек қарым-қатынасының дағдарысы: 1. „Айқара жұмылған жанарлар“ / „Eyes Wide Shut“ 2. „Өзгерістер соқпағы“ / „Revolutionary Road“ 3. „Бұдан артық болмас, сірә“ / „As Good as it Gets“ 4. „Әзәзілдің адвокаты“ / „Devil's Advocate“ Қарыздар, тәуелділік, „қораға кіру“: 1. „Қаржылық құдық“ / „The Money Pit“ 2. „Ине“ / „Игла“ (реж. — Рашид Нұғманов) 3. „Арман туралы азалы әуен“ / „Requiem for a Dream“ Ішқұсалық, суицид туралы ойлар: 1. „Трасса 60“ / „Interstate 60“ 2. „Аспандағы арман“ / „What Dreams May Come“ 3. „Өлі ақындар қоғамы“ / „Dead Poet’s Society“ 4.»Вероника өлмек болды" / «Veronica Decides to Die» Бастауыш кәсіпкерлерге: 1. "Әлеуметтік желі" / «The Social Network» 2. «Джобс» / «Jobs» 3. «Силикон алқабының қарақшылары» / «Pirates of Silicon Valley» 4. «Тамыз» / «August» Әке мен бала қарым-қатынасы, аға буын мен жас толқын туралы: 1. «Шал» (Иә, Ермек Тұрсыновтың шалы) 2. «Менің әкем» / «Мой папа» 3. "Өкіл әке" / «Godfather» 4."Үлкен балық" / «Big Fish» 5.«Шалдарға арналмаған мекен» / «No Country for Old Men» 6. «Гран Торино» / «Gran Torino» Анасы мен қызының қарым-қатынасы: 1. «Жаужүрек» / «Brave» 2. "Өгей шеше" / «Step mom» 3. «Күзгі соната» / «Höstsonaten» 4. «Адам атаның қабырғасы» / «Ребро адама» 5. «Тек мұнда емес» / «Anywhere But Here» Ағалы-інілілер қарым-қатынасы: 1. «Ағайынды» (қазақша сериал) 2. «Күз дастандары» / «Legends of the Fall» 3. «Бундок әулиелері» / «The Boondock Saints» 4. «Аға мен іні» / «Brothers» Апалы-сіңлілілер қарым қатынасы: 1. «Болейндердің басқа қызы» / «The Other Boleyn Girl» 2. «Практикалық магия» / «Practical Magic» 3. «Ханна және оның әпкелері» / «Hannah and Her Sisters» 4. «Рейчел байға тимек» / «Rachel Getting Married» 5. "Өр көкірек пен жаңсақ сенім" / «Pride & Prejudice» Бала тағдыры, ауыр балалық шақ: 1. «Кардиограмма» (Қазақфильм) 2. «Көбелек эффекті» / «The Butterfly Effect» 3. "Ұйқыдағылар" / «Sleepers» 4. «Сибилла» / «Sybil» Коллаж жасау кезінде allmovies.com, imdb.com, kazakh-films.net cуреттерін қолдандым. Осымен жетіп қалар. Сонымен не білдік? Кемінде бұдан былай синемалогияны кинологиямен (кинология — ит өсіру туралы ғылым) не видеопоэзия сияқты бірдеңемен шатастырмаймыз деп ойлаймын. Синемалогия (кинотерапия) ғылым емес. Ол — психотерапиялық әдіс. Фильмді құр қарап қана қоймай, оны топта талқылау арқылы, киноның танымдық, рухани ағартушылық әсерін еселеуге болады. Енді сізге тек осыны алдағы демалыстарда жақындарыңызбен сынап көру қалды. Киноңыз құнды болып, талқыңыз таласты өтсін.
Авторы:
Gastarbaiter

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту