ҮЗДІК 10 "ЖЕГЕН ЖӘРДЕМ". Өліп болмайтын өтірік амалдар хит-парады
— Олар не істеуші еді маған? Көп болса укол салар… Әйтпесе, алып кетер...
«Тамақтан ұшындым» деп қысылып жатқан құрбымнан неге жедел жәрдемге хабарласпағанын сұрағанымда алған жауабымның сиқы осы еді.
Рас, еліміздің науқастарға жедел көмек көрсету жылдамдығы мен сапасы кейде сан соқтырып, бармағыңды шайнатады. Оған жақсылы-жаман сан себептер бар. Дегенмен, жеке өз жауапкершілігіміз қайда?!
Айталық, ол жай улану емес — «сальмонеллез» не бір вирустық жұқпалы ауру болса ше?! Алып кетсе, дәрігерлер аурудың себебін анықтауға тырысып, жазылғанша оқшаулар ма еді?!
Бірақ, жо-о-оқ. Біз дәрігерге сенбейміз. Одан да жағдайды әбден асқындырып, алтын уақытты өлтіріп, бәрібір сол «жәмән» дәрігердің алдына барғанды артық көреміз…
Ал оған дейін не істейміз?
Оған дейін әр жерден естіп, санамызға сіңірген тұрмыстық ем-дом түрлеріне жүгінеміз. Одан қалса, кейбіреулер отырып алып, әлеуметтік желідегі достарынан ақыл-кеңес сұрап отырады. Әрине, ондай кезде әрбір «шәкәрімтанушы» табан астында медицина ғылымының докторы боп кетеді. Ал біздің оған сеніміміздің күші соншалық, кейде қарапайым қисын мен физика заңдылықтарға сүйенуді ұмытып кетеміз. Ақтөбе облыстық жедел дәрігерлік көмек көрсету ауруханасының оташысы — Арыстан Базарбаев бұндай негізсіз әрекеттер кейде әрі-қарайғы медициналық көмекті қиындатып, кейінгі емге кері әсерін тигізетінін айтады. «Маса сойса да, қасап сойсын» деген әжем қазақ, олай болса, қадірлі оқырман, ағамның эксперттік қолдауымен, ХХІ ғасырда еш ғылыми негізі қалмаса да, әлі күнге өлігін сүйреп жүрген өтірік амалдардың «дамбалын сыпырып», әшкерелеуге рұқсат етіңіз.
Аса мәртебелі ғұлама — Әбу-Әлидің тегімен жаңсақ пікірлерді жазалау науқанын ашық деп жариялаймын!
Ибн-Сина!
10-орын. Тамақтан ұшынғанда немесе ауызға ұшық шыққанда, «жер ұшық беру» рәсімі көмектеседі.
Бұл ырым әлде ғұрып шамамен былай суреттеледі: «күн қызара батқанда, тура һәм ауыспалы мағынасында науқас адам күнге қарсы тұрып, сәлем беріп, жерге екі-үш рет жығылып, үйге келіп жылы оранып жатады», кхм-кхм, «кейде басынан асырып күріш, тары, тұз лақтырады»… Тұра тұрыңдаршы, өзім күліп алайын. Ә-хә-хә-хә!
Ұятты болсақ та, мойындауға тура келеді — жұрт тін жасушаларын клондау үшін шіркеулермен қырықпышақ болған заманда, осындай ырымдарға иланатын ақкөңіл адамдар әлі де көп.
Ұшық, яғни герпес суық тию арқылы емес, вирус әрекеті нәтижесінде пайда болады.Тері-венерология дәрігеріне көрінуге намыстанатын адамға бұндай ырымшылдық әдемі сылтаудай көрінер. Алайда, бүйткен экзотикалық «емдеу» тәсілінен науқас бірнеше күннен соң езуін жия алмай қалуы мүмкін. Тура һәм ауыспалы мағынасында.
9-орын. Үстіне ыстық қасық басу арқылы теріскенді емдеуге болады.
«Теріскенге тілағыңды көрсет» дегені де бар. Бірақ оны «науқастың көңілін көтеруге ғана арналған ырым» деп қоспадым. Әйтсе де, ыстық қасықпен теріскенді емдеу туралы аңызды атап өтпесе болмайды. Шын мәнінде, ыстық қасық тек теріскендегі қабыну барысын үдете түседі. Жара онсыз да пісіп, жарылады, ал ыстық қасық оның жылдам қабынып, тезірек жарылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ, артық температура тап солай микробтың одан бетер тарауына көмек береді.
Сондай-ақ, ұрып алған, соғып алған, көгеріп қалған жерге де ыстық басуға болмайды. Керісінше, мұз басқан дұрыс. Тек мұзды тікелей емес, дәкеге орап басқан дұрыс. Өйткені қызарған, көгерген, ісіп кеткен жерге мұз кесегін тікелей басқаннан, онсыз да оңбай тұрған жер омбығып, жазылуы қиындай түсуі мүмкін.
8-орын. Мұрның қанаса, басыңды шалқайт!
Бұл шамасы, «жарық тамырдан аққан қан, басты шалқайтсақ, өзі шыққан тамырына қайта құйылады» деген нанымға сенген питекантроптар мәдениетінен бізге мұра боп қалған аңыз болса керек.
Шындығында қалай?
Мұрыннан қатты қан кетсе, сен басыңды шалқайт, еңкейт — қан тоқтамайды. Тек ағу бағытын ауыстырады. Мұрыннан кеткен қанның жерге аққаны не, ішіңе аққаны не, тоқтамаған соң бәрібір емес пе? Таңдай арқылы, аузыңа, одан өңешке түсіп, ақыры асқазанға бір-ақ өткен қан сені біраздан соң құстыруы мүмкін.
Сондықтан, бас шалқайтудың мұрын қанағанда пайдасынан, зияны көп.
Одан да:
1) Басыңды сәл алға еңкейт.
2) Мұрынның жұмсақ жерін екі саусағыңмен қыс.
3) Сосын әр секунд сайын мазасызданып, «тоқтады ма?» деп мұрныңды жіберіп, қарай бермей, мұрынды толық 10 минут қысып отыр. Аузыңмен дем ал.
4) Қан сонда да тоқтамаса, жедел жәрдем шақыр.
Жарайды, сен бәлкім ыстық қасықты өміріңде көзіңе басып, мұрын қанағанда ешқашан шалқайып көрмеген сирек пенденің бірі шығарсың. Дегенмен, келесі аңыздарды осы уақытқа дейін бұлжымас шындыққа балап жүргеніңе сенімдімін.
7-орын. Ашық, үңірейген жарақаттарға дереу бір мазь жағу керек!
Кезекті қыртыған әңгіме. Біріншіден, түрлі мазь (жақпамай), крем-сремдер қанша жерден микробқа қарсы болса да, өзінің залалға қарсы әсерін бірнеше минут қана сақтайды. Одан кейін, оны нанға жағып жей берсең болады. Яғни, сары майдан еш айырмашылығы қалмайды. Әрі кетсе, бір сағат, Вишневскийіңдісс.
Екіншіден, қасиетінен айрылған кез келген «сиқырлы мазь» түрлі бактерия, шаң-тозаң мен кірдің сүйікті мекеніне айналады. Оның үстіне, жарақатты тазарту кезінде оташы-дәрігерге ондай мазь қосымша «геморрой» тудырады.
Одан да, ағын суға жараны мұқият шайып, үстіне спирттің әлсіз ерітіндісіне ( әлгі отырыстан қалған «Беленькая» болса да жарайды, баурым) малынған дәкемен бастырып қойыңыз. 40% спирт ерітіндісі дәрігерге жетем дегенше жаралы жерді күйдіріп те жібермейді, жараны көріп «сілекейі шұбырған» микробтарға да тосқауыл бола алады.
6-орын. Кез келген күйікке тіс пастасын жақса, тез жазылады!
Бәріміздің басымыздан өтті-ау осы пункт. Қолымызға үтік басып алсақ та, үстімізге бір шелек қайнаған су төгілсе де, «Пастаны әке-е-е-л!» деген жанталасқан біреудің жан дауысы шығады.
Әйд-дә!
Айналдырып тұрып «колгейтті» жағамыз кеп. Рас, жаның көзіңе көрінгенде, жаға қойсаң, ашығаны тыйылғандай болады. Бірақ, тап сол мезет, тіс пастасы жарақатты ластап жатқанымен қоймай, күйікті әрі қарай зарарсыздандыруға кедергі болатынын білеміз бе?! Сенбесең, сау қолыңа паста жағып көр. Сосын оны алдымен құрғақтай, сосын сулап тазартып көр.
Паста жағу, жұмыртқа жару — қапелімде жараны жабатын да, шаятын да ештеңе таба алмасаң ғана, өзін ақтайтын әрекет. Қалған жағдайдың барлығында, мұз емес, ұн емес, басқа емес, ең алғашқы көмек ретінде, кәдімгі салқын су қолданылуы керек. Күйікті ағын суда 10 минутқа дейін ұстаған жақсы. Бұл денеге бойлап, тері мен етті күйдіріп жатқан артық қызуды біртіндеп азайтады.
Шаблон шытынады ма? Жартысына келдік, достым, әрі қарайғысы кәдімгідей қауіпті.
5-орын. Құлаған адамның барлығын орнынан тұрғызуға тырысу керек.
Айталық, үшінші қабаттан бір қасқамаңдай құлап қалды. Жұрттың қалыпты әрекеті қандай?
«Бауырым-бауырым, не боп қалды, тұра аласың ба? Көмектесейін бе?»
Арам ниеті жоқ біреу, әрине, құтқарушылығы оянып, жүгіріп барып, оны қолтықтап, көтере бастайды.
«Енді ше? Онда тұрған не бар?» демей тұра тұрыңдар.
Онда тұрған мынау бар:
Аяқ астынан, адамның ішкі құрылысын көріп тастайтын рентгендік қабілетің пайда болмайынша, сен құлап, тұра алмай жатқан адамның бес жерден омыртқасы омырылып жатыр ма, жоқ, асық жілігінің күл-паршасы шықты ма, оны біле алмайсың. Ендеше әрбір артық қозғалыс қайғылы жағдайға әкелуі мүмкіндігін есте сақта.
Қозғалыс кезінде, сынған сүйек өзінің табиғи қалыбынан тайып, қаңғып кетеді.
Әрі қарай не болады?
Өткір сүйек бөлшектері айналасындағы мүшелерді зақымдайды. Мойын омыртқасы шағылған жарықтықтың «басын көтерем» деп жатып жұлынын зақымдау да оп-оңай.
Осындай «жеген жәрдемнің» арқасында бірнеше айда аяғына тұрып кететін адамдардың талайы арбаға мәңгі байланған. Ал кейбірі көмек келгенше жан тапсырған.
Сондықтан, тағы да қайталаймын, білмесең — түртпеші бейшараны.
Одан гөрі дереу жедел жәрдемге телефон шалып, «скорый» келгенше, жай ғана әңгімелескенің дұрыс бейбақпен. Болды. Ал егер бейбақ сен болсаң, онда ештеңе болмағанын тексеру үшін атып тұрып, жүгіруге тырыспа. Шок әсерінен бұлшық еттерің сіресіп, сынған жерің бірден ауырмауы да мүмкін. Дегенмен, ақкөңіл бір «құтқарушы» келіп, жұлмалап жатса, қозғамай, жедел жәрдем шақыруын өтінген дұрыс. Жатқан жеріңе кенет өрт, топан су, не үлкен еменнің бұтағы төніп келе жатпаса, тырп етпестен кәсіби көмекті күт.
4-орын. Асқазанның жарасын сүтпен, айранмен не ас содасымен емдеуге болады.
Шылғи өтірік.
Алдыңғы пунктқа қарағанда «ойбайы» аздау, әрине. Бірақ, бұл нанымның күштілігі соншалық, адамдар ұзақ жылдар бойы есі дұрыс ем қабылдаудың орнына, далбаса тірлікпен өзін-өзі алдап жүре береді.
Біріншіден, сүт пен сода тек уақытша ғана асқазандағы қыжылды әлсіретеді. Оның себебі — ас содасы асқазан сөлінің қышқылы бейтараптап, жараға түсіретін күшін азайтады.
Алайда, бұл амалдың ешқайсысы асқазан жарасын ЖАЗ-БАЙ-ДЫ!
Асқазан жарасының қоздырушысы көп жағдайда H.bakter pilori деген пәлекет екені медицинаға әжем заманынан белгілі. Оны емдеу бактерияға қарсы кешенді терапия арқылы ғана жүзеге асады.
3-орын. Қақалып-шашалған адамның арқасынан қағу керек.
Бұл амалды қайдан көріп алғанымды қайдам, бірақ шартты рефлекс деңгейінде орындайтын боппын. Мәнсіздігін біле тұра, қайталай беретінімді қайтерсіз.
Бірақ, мамандар бұлай етуге болмайтынын айтудан шаршамайды. Самаурынның кернайын көсеумен соқсаңыз, күл мен күйенің басым бөлігі төмен түспей ме? Сол сияқты, шашалған адамды арқасынан қақсаңыз, дем түтігіне түскен тамақ бөлшектері ауыздан атып шығудың орнына, төмен, яғни өкпе жолдарына түсіп кетуі мүмкін. Ал бөгде зат өкпеге тереңдеп кетсе, мәселені одан әрі ушықтырған боласыз.
Не істеу керек?
Адам жөтеліп-қақалып жатыр ма? Кедергі келтірме. Арқасын қақпа. Жөтелуге көмектес. Алға қарай еңкейтіп, демін ішке баяу тартып, сыртқа лезде шығаруын сұра.
Айтулы отырыста аузына тыным болмай отырған бастығыңыз кенет шабдалының сүйегіне түйіліп, жөтелуге шамасы келмей, тыныс жолдары толық бітеліп, көзі шарасынан шығып, басын ғана изейтін жағдайға жетті делік. Ең болмаса, осы кезде, игі сылтауды қолданып, арқасынан жұдырықпен ұрып-түйіп, арасында сәтті пайдаланып көтінен теуіп алсақ та болатын шығар?
Үлкен өкінішімізге қарай, тағы да — жоқ.
Не істейміз?
Анау жоғарыда ыңғайсыздау позада тұрған жігіттерді көрдіңіз бе? Жоқ, олар Сатпаев пен Гагарин көшелерінің қиылысын меңзеп, ұлы тұлғаларды масқаралау үшін тұрған жоқ. Олар сізге Геймлих әдісінің дұрыс орындалуын көрсетіп тұр. Әдістің атынан да шошынуыңыз бекер, себебі әлденеге түйіліп өлгелі жатқан адамды құтқарудың бірден бір жолы — осы.
Геймлих әдісі:
1) Түйілген адамның артынан келіп, белінен құшақтаймыз.
2) Мақсатымыз сормаңдайдың желкесін иіскеуден ләззат алу не қабырғасын сындырып, суплекспен жерге қадау емес, сондықтан құшағыңыздың түйіскен жері қабырғадан сәл төмен, белден сәл жоғары, яғни кіндігінің тұсына келгені дұрыс.
3) Өзімізге қарай және сәл жоғары бағытта күшпен тартып кеп қаламыз. Дем түтігі бөгде заттан босағанша, бірнеше рет, жасаймыз.
Абайлаңыз, дем түтігі толық бітеліп, демала алмай жатқан сәбилерге бұл әдісті жасауға болмайды. Олар өте нәзік болғандықтан, бір жерін зақымдап алуыңыз мүмкін.
1-2 жасқа толмаған бөбекті аяғынан ұстап, басын төмен салбыратып көтереміз де, арқасынан қағамыз. Арқадан қағу әдісі өзін ақтайтын жағдай жалғыз осы ғана сияқты.
2-орын. Бит жесең, сары аурудан жазыласың!
Бұны да бір ерте Мезозой заманынан қалған ертегі деп білемін.
Бұл сенім екінші орынға өзінің ақылға сыймайтын абсурдтығы нәтижесінде ғана емес, адам өміріне қауіптілігі арқасында да шығып кетіп отыр. Сіз күлерсіз, бірақ бұған сенетіндер өте көп. Әлдекімдер осы қауесеттің арқасында, бит-сіркеден «тиын істеп» те жүр. Классика!
Біріншіден, сары аурудың себебі механикалық, яғни өт жолдарының бітелуі және жұқпалы ауру, мәселен, вирусты гепатит болуы мүмкін. Гепатиттің А түрінен үйде жатып та емделуге болады. Ал ауруханаға, әдетте науқасты тек басқа адамдарға жұқтырмау үшін жатқызады. Сондықтан, үйінде жатып емделгендер «бит жеп емделдім» деген қауесет таратады. Бұл, әрине, — битсүйер қауымның жолы болғандағысы.
Екіншіден, Гепатиттің В, С түрі тек қана ауруханада жатып емделеді. Әдетте инфекция бөлімі бұл ауруды жақсы емдей алады. Егер науқас үйде жатса, мейлің ол нанға сірке жағып, биттен сорпа ішсе де, гепатиттен жазылмайды. Керісінше, қарапайым сары аурудан басталған гепатит бауыр циррозымен бітеді. Оның арты өңештен қан кетуге ұласып, науқас өзі жеген биттің соңынан жәһаннамға аттануы мүмкін.
1-орын. «Уксус ішем де бірден өле қалам!»
Айталық, дәстүрлі дәрігерлерден де, қияли наным-сенімдеріңізден де үмітіңізді үзіп, бұл ит-шошқа дүниемен біржола қоштасуға бел будыңыз. Осы кезде «Шіркін-ай, тап ана Семенның атасы секілді сірке суын ішіп жіберсем — аяғым тыраң еткен күйі ажалдың ыстық құшағына жата кетер ма екем...» — деген сияқты тәтті мұңға бөленуіңіз мүмкін.
Босаңсымаңыз!
Қу қауесет сізден мұнда да айласын асыру үшін, бір көзін ашып, бұқпантайлап аңдып отырады. Себебі, «уксус ішсем, қиналмай, жылдам өлем» деген түсінік те — көміп тастасаң, қайта атып шығатын мыстан кемпірдей қарманып, тырбанып жатқан өлімі жоқ өтірік.
Әйтсе де, жан сақтау бөліміне түскен сорлы дегустаторлардың міскініне бір қарасаңыз, соңғы күдігіңіз, бәлкім үмітіңіз толықтай сейіледі. Себебі, халық ауыз әдебиетінің айласы өз алдына, дәстүрлі медицина қалғып-мүлгіп отырмай, сізге Семенның атасы шыжғырылып жатқан тозаққа бірінші рейспен ұшып баруға мүмкіндік бермейді. Сірке суын ішіп, ұзақ әрі азапты өліммен өлу үшін, бұл «зәм-зәм судан» бірнеше рет жұтуыңыз қажет. Ал өзіне қол салушылардың көбісіне тән тостсыз тартылған бірінші рөмкіден ауыз тие сала қашатын кемшілігіңіз болса — өмір бақи мүгедек болып өтесіз. Өзіңізге де сол керек. суреттер:flickr.com,www.topauthor.ru
Қорытынды орнына
Осылардың барлығын қоссаң да, миға сіңу тереңдігі мен ауқымы тұрғысында қазақтарда ең көп тараған «көз өту» және «суық тию» деген екі қауесеттің шаңына ілесе алмайды. Бұл өтірікті кейбір «дәрігерлер» мен медбикелердің өзі диагноз қоя алмай басы қатқанда оңды-солды таратып отырады. Ара-тұра газет-журнал оқып қоятындары бұған «үмүнитет ғо» дегенді де қосып қояды. Қазақтар да кез келген адамдар сияқты мыңдаған ауру түрлерімен ауырады және оларды емдеуді тек қана білікті медицина маманына тапсыру керек.
Ізгі ниетпен,
Арыстан Базарбаев және Асқар Базарбай
