Қият
Өзгенің руын сұрағанды жақсы көремін. Алайда, біреу менің руымды сұрамай-ақ қойса екен деймін де тұрам. Себебі, оның арты көп сөзге ұласады. Жоқ, білетіндер де бар. Дегенмен, басым көпшілігі «А, естімеппін, қайдан тарайсыңдар» деп сұрақтың астына алады.
Сонымен, менің руым — Қият. Естімедіңіз бе? Жоғарыда айтқанымдай, сіз жалғыз емессіз. Қолданыстағы тарихтың көзімен қарасақ, қияттар — моңғолдар. Алайда, қазіргі моңғолдар арасында мұндай ру жоқ. Қияттарды қазақтардың, өзбектің, қарақалпақ пен татардың арасынан кездестіруге болады. Башқұрлардың елінде аттас өзен-көлдер де бар. Соған қарағанда түрік болсақ керек. Байқап отырсыз, бұл әлгі Шыңғыс хан моңғол, әлде түрік деген бітпес дауды қоздыра түсетін тұжырым. Сондықтан, аса көп тоқталмай-ақ қояйын.
Жалпы айтпағым, руды білгеннің артықтығы жоқ. Кімсің, қайдан келесің, қайда барасың, қызық қой, шынымен. Мысалға, Ақтөбеде қият руынан әрі кетсе 200 түтін бар. Бәрі де бір замандарда осы елге тұрақтап қалған Бейсен деген шалдан тараған ұрпақ. Сондықтан, арада қанша ата өтсе де қыз алыспайды. Соңғы он жылдың шамасында қияттардың Шымкент маңында, Қазалы мен Аралда, Өзбекстанда өте көп екенін білдік. Таныстық та.
Басқа да рулардағы секілді, әркімнің өз шежіресі бар. Кейбір ағаларымның «империялық амбицияларын» да көріп, миығымнан күліп қоямын. Хош, не керек, кімсің деген сұрақтарға жауап болсын деп және артымдағы іні-қарындастарым білсін деп, кішкентай ғана ролик жасадым. Енді қарап отырсам, қазақтың әр руы туралы шағын фильмдер түсіріп шығуға болады екен. Ақпарат үшін ғана.
Назарыңызға ұсынылып отырған ролик, үйдегі құрал-жабдықтың көмегімен ғана жасалды. Сондықтан кәсіби тележурналистің істегені мынау ма деп сөкпеңіз. Әй, қойш, сөккіңіз келсе — еркіңіз. Ролик өзіме ұнап отыр.
Қият атауының шығуына қатысты қызықты аңыз бар. Қият Домбауыл мергеннің туған баласы емес. Өзі мерген, өзі батыр, өзі әнші болған Домбауыл баласыз өткен екен. Күндердің күнінде бір досымен өзен жағасында балық аулап отырғанда, ағыс әкеле жатқан ағаш сандықты көреді. Досы екеуі оны жағаға алып шықпақ болады. Мерген Домбауыл жебені қиялай атып, сандықты жағаға тірейді. Ашса, ішінде ер бала жатыр екен. Мұны тәңірдің сиы деп түсінген Домбауыл, қиялап атқанына орай, Қияат (Қият) деп ат қойып, баланы бауырына басыпты.
Қиял жүйрік қой. Мына аңыздың негізінде ойша талай рет көркем фильм де түсіріп тастадым. Шындап келгенде, мұндай аңыздар қазақтың әр руында бар екені ақиқат. Білетініңіз болса — бөлісе отырыңыз.
