Ескі архив · 15.11.2014 02:37

Бүгінгі бала ертеңгі кім?

Отбасы – қоғамның бір бөлшегі болса, отбасындағы әрбір бала – қоғамның бір мүшесі. Балаңыздың тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табуы үшін қандай әрекет жасап, қандай тәрбие беріп жатырсыз? Көптеген жұмысбасты ата-аналар бала тәрбиесін балабақша еншісіне қалдырады. Бұл қаншалықты дұрыс? ШҚО, Зайсан ауданы, Зайсан қаласындағы №1 «Еңлік» балабақшасына бару арқылы осы және басқа да сұрақтардың жауабын табуға тырыстым. Зайсан қаласында осы күнге дейін 2 мемлекеттік, 2 жеке меншік, 1 әскери қызметкерлердің балаларына арналған балабақша болса, биыл қатарға тағы да 2 жеке меншік балабақша қосылған екен. 1970 жылы ашылған №1 «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Айнұр Мұратқызының айтуы бойынша, 140 балаға арналған балабақшада жас ерекшеліктеріне қарай алты топ және ата-аналарға арналған кеңес беру пункті бар. — Бала тәрбиесіне ата-ананың ықпалы, әлде балабақшаның ықпалы басым ба? — Бала таңғы сағат 08.00-ден, кешкі 18.00-ге дейін балабақшада болады. Кешке қарай үйіне барып тамақтанады, одан қалса сүйікті мультфильмдерінің бірін көріп, әрі қарай ұйқы құшағына кетеді. Енді осы сұрақты өзіңізге қойып көрейін. Бала тәрбиесінде кімнің ықпалы зор? -… — Екіұшты ойда отырғаныңызды түсінем. Бала таңнан кешке дейін балабақшада болғанына қарамастан, оның қандай адам болып шығуы отбасына байланысты. Көз алдыңызға пойызды елестетіңіз. Ата ана – пойыздың паровозы болса, балабақша – барлық жүкті арқалайтын вагондары. Сондықтан да бала тәрбиесі, болашағы ата-анаға байланысты. Егер баланың ата-анасы бір-бірін сыйламай, үнемі ұрыс-керіс болса, бала есейіп, отбасын құрған кезде де не анасының, не әкесінің іс-әрекетін қайталайтын болады. Әкесінің үйдегі айтатын бейәдеп сөздерін балабақшада айнытпай қайталап отыратын балалар болады. — Тәрбиешілерді жұмысқа аларда қандай шарт қоясыз? Бұл сұрақты қойып отырған себебімді айтайын: бірде Өскемендегі балабақшалардың біріне бардым. Есіктердің бірін ашып едім, ары қарап отырған тәрбиеші жалғыз қалған балаға «Тәртіпті болмасаң өгей әкеңе айтам! Бірінші әкең сені қалай тастап кетті, екіншісі де солай сені тастап кететін болады!» деп ұрсып отыр. Мені көрген тәрбиеші қыздың шыр-пыры шықты. Ол да біреудің қызы ғой деп үндемедім, бірақ бұл әрекетім дұрыс емес екенін білемін... — Менің қоятын басты талабым – тәрбиешінің баланы жақсы көре білуі. Себебі, бала бәрін сезеді. Осы орайда айтқым келетіні, бізде мамандық бойынша қатысы болмаса да ұзақ жылдар бойы тәрбиеші болып келе жатқандар бар. Олар тәжірибелі болғандықтан, тәрбиеші болуларына еш қарсылығым жоқ. Ал былтыр тәрбиешілерді жұмысқа аларда мамандықтарына да назар аудардым. Бір өкініштісі, газеттегі хабарландыру бойынша келген алты адамның төртеуі басқа мамандық иелері, ал қалған екеуі орта білімді болып шықты. — Бұл көптеген балабақшалардың ортақ мәселесі. Не себепті маман жетіспеушілік болады? — Көп себептердің бірі – жалақының аз болуы. Тәрбиеші болу жауапкершілігі мол жұмыс болғандығына қарамастан, жалақы мөлшері аз. 30-35 мыңға қазіргі уақытта күн көру мүмкін бе? Ата-аналар үйдегі бір-екі балаларын бағып-қағуда шаршап, жүйкелері тозып кетеді. Ал таңнан кешке дейін 20-25 балаға бас-көз болып қана қоймай, уақытылы тамақтандырып, киіндіріп, ұйықтатып, тәрбие берген оңай жұмыс па? — Мен білетін көптеген, тіпті барлық дерлік балабақшалардағы балалар ұл, қыз деп бөлінбей, бір бөлмеде ұйықтап, бірге дәретке отырады. Бұл қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? — Өткенде Сарытерек ауылында ашылған жеке меншік балабақшаға барып көрдім. Ол жерде ұлдар мен қыздар бөлек бөлмелерде ұйықтайды екен. Ол көріністі көріп өте қуандым. Негізі балабақшаларда баланы ұл, қыз деп жынысқа бөлмейді. Бірақ психологиялық тұрғыдан алып қарағанда, бала үш жастан бастап адам бойындағы айырмашылықтарды біліп, саралай алады. Сондықтан, әрине ұл мен қыздың бөлек бөлмелерде жатуы құба-құп. Бірақ бұл біздің ғана емес, көптеген балабақшада қарастырылмаған. Оны айтасыз, ауылдарда бір бөлмеде сабақ қарап, ұйықтап, ойнайтын балабақшалар да бар. Бала тілі – бал Қоғамның кішкентай мүшелерінің өзімен тілдесіп көруді жөн көрдім. Оларға «Өскенде кім болғың келеді?» деген сұрақ қойып едім, көбі мен көрмеген мультфильмдердегі мен білмейтін кейіпкерлердің атын атай бастады. Дегенмен арасында езуге күлкі үйірер жауаптар да болды. (Балалардың есімдерін ұмытып қалдым) — Өскенде кім болғың келеді? — Биші болам. — Қандай би билейсің? — Осындай би билеймін, былай-былааааай. — Өскенде кім болғың келеді? — Әлі белгмейммм… Ойланам. — Өскенде кім болғың келеді? -Сұулуууу! — Ал апа болғанда ше? — Сұулуууу апа болам. — Өскенде кім боласың? — Әрине футболист! — Өскенде кім боласың? -Суретші. — Не саласың? — Мамамды… — Сосын? — Сосын папамдыыыы… — Сосын? — Ағамды. (салатын адамдар тізімі ұзыыын) — Өскенде кім боласың? — Айқын! — Айқын Төлепберген бе? — Жоға! Айқын — менің атым. Айқын деген адам болам. — ааа жақсы… Адам бол, аман бол! — Өскенде кім болғың келеді? — Апай. — Апай? — Иә, апай болғым келеді! — Өскенде кім болғың келеді? — Назарбаев. — Ол кім? — Пезидент қой! Балабақшаның да бала өмірінде өз орны бар. Өйткені ол осы жерде әріп үйреніп, осы жерде дос табады. Осы жерде өзге де балалармен араласып, тұлға болып қалыптаса бастайды. Дегенмен, ешкім де, ешнәрсе де ата-ананың орнын алмастыра алмайды. Бала қашан да ата-ана мейіріміне, назарына мұқтаж! Оның балалық шағының бақытты өтуі болашағының жарқын болуына себепші бола алады. Ендеше, қолыңыз қалт еткенде балаңыздың қасынан табылыңыз. Мейлі бір сағат болсын, мейлі бір минут болсын… Ол үшін Сізбен өткен әрбір сәт маңызды!
Авторы:
ademi_alem

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту