Тобыр психологиясы 2: Тоқсан бірге тоқталайық
91-ге қалай қарайсың?
Бір ғана біркелкі пікірмен жауап беру қиын расымен де. Өз басым қақ жарылған қоғамның екі жағын да түсінем. Қанша жерден зайырлы ел боламыз десек те, белгілі бір субмәдениеттің консервативті менталитетке ықпал ету қаупіне мән берген жөн. Әсіресе ол субмәдениет туған тіліңде сөйлесе. Сөйлеп қана қоймай, құлақ құрышын қандырар ырғақты, сапалы әрі жанды дауыспен әндетсе. Бірақ біз бұдан қауіптенсек, демек мәдениетіміз бен менталитетіміздің осал болғаны ма?! Халық арасында жалпыға ортақ қарапайым мәдениеттің қалыптаспағаны ма?! Еліміздің әр азаматы өз мәдениетіне, өзіне, өз ұрпағы санасының беріктігіне жауап бере алмағаны ма?!
Осыған ойы жеткендердің көбіне ұнамады. Бойжеткендердің тең жартысына ұнады. Құдды бір к-поп клиптеріндегі кәріс жігіттер қазақша сайрап кеткендей. Өйткені қай елде болмасын тыңдарман мен көрермендердің көбі нәзік жандылар. Жігіттер жағы олардың өлеңдерін тыңдай бастаса да, бірден түсіне қоймады. Басында көз жұмды, игнорға лақтырды. Сахнаға түрлі түсті киіммен шыққанда, «көшінен қалып қойған цирк әртістері» ретінде де қабылдаған шығар. «Өтеді де кететін топтардың бірі ғо» деп. Оның ішінде әсіресе өнер атаулы салада жүрген әріптестері елегілері келмеді. Бірақ тығылып тыңдаған әжелер жағын білмим, ерлер қатары да баяу болғанымен толыға бастады. «Айыптама» әніне түсірілген клип отандық телеарналардан ротациялана бастағанда, топ мүшелері түрлі бағдарламаларда қонақ болып, фанаттарымен фан-митинг өткізіп, қалаларды аралай бастағанда, тіпті шет елдерден тыңдармандар табылып, ютубтағы клиптеріне реакция түсіруді бастап кеткенде сахналас аға-апалары төбе көрсетіп, оң-теріс пікірлерін білдіре кетті. Бірі даттаса, бірі жақтады. Елдің қамын ойлаған шығар, бірақ ешкім халықтың, қоғамның атынан сөйлеуге құқылы емес. Даттағандар «қылықтары қыздардікі» десе, жақтағандар қазақ тілі мен шоу-бизнесі үшін қуанды. Дауға араласып өздеріне пиар жасап аламын деушілер де табылды. Кей әншілер өз аудиторияларының едәуір бөлігі «қазаққа жат» жанрдың құрсауында кетіп қалады деп алаңдаған болуы керек. Өз басым, былықтың бәріне клиптегі дәл осы қылық себеп болды деп ойлаймын:
Сырға тағып, қызша майысқан бала. Клипті көрмей скриншотты көрсетсе, шынымен де қыз деп ойлап қаласың. К-поп жанрындағы бірқатар бойз-бэндтердің орташа образынан да артық кеткен секілді. Мысалы мына клиптегідей. Жігітті бірден аңғармайсың, өзін гетеро қылып көрсеткісі келеді, бірақ қылықтары қыздікіндей:
Қазақ жігіттерінің көбі осындай болып кетсе, құрыдық деп алаңдайтындары сондықтан шығар даттаушылардың. 91 қанша жерден натурал болса да, топтың сахналық образдарына еліктей бастайтын жеткіншектер үшін қауіпті. Солар секілді билеймін деп жүріп БИ-ге айналып кетсе, Қайланд боламыз да қаламыз. Есесіне туризм мәселесі шешіледі деп қуып кетсең, ә)
Иә, мүмкін көрермендер күңгірт түстен шаршаған шығар. Қара костюм, шаштың табиғи түсі, mp3 әншілердің стандартты тұрыстары, ырым үшін ұстаған микрофондары көрермендерді әбден зайып қылғаны рас. Әсіресе жастар жағы қашан да жанды дауыс пен шоу күтеді. Ондайға сұраныс КСРО кезінде де болған.
Фредди Меркури, Джордж Майкл, Элтон Джон, тіпті сол педофил деп айыпталған Майкл Джексонның өлеңдерін әлі күнге дейін сүйсініп тыңдаймыз көбіміз. Кезіндегі Моден Токиң секілді топтардың сахналық образдарын да көрдік. Кейін ресейлік шоу-бизнестегілер де еліктеді. Олардың жеке өмірлерінде шаруаларымыз болған емес, өйткені олар қазаққа жатпады. Бірақ әуендері ұнаған соң дискотека, тойларда билейсің. Ендігі кезек өз қазақтарымызға да жетті.
Шаш үлгісі дегенге тоқталсақ. Қыздардан бөлек шашты тағы кімдер өсіреді?! Шығармашылық адамдары көбінің шаш үлгілері қысқа болмаған. Әншілерден бөлек, ақын-жазушыларымызды айтсақ жетіп жатыр. Араларында бастаған істеріне ден қойып, шаштарына қарамай өсіріп алып, кейін тұрақты шаш үлгілеріне айналдырып жібергендері де болған шығар. Шығармашылық тоқыраудан қорыққандары ұзын шаштарын қимаған деседі. Өнер, шығармашылық адамдары сондай енді, түсінуге болады.
Бояну дегенге тоқталсақ. Қыздардан бөлек тағы кімдер боянады?! ТВ саласының мамандары мен театр актерлері. Біріншісі үшін эфирде жақсы көріну мақсаты болса, екіншісі үшін сахналық образ. Эфирге боянбай шығу үшін, теріңе үнемі күтім жасап жүру керек. Ал ер азамат әу-бастан бет терісіне күтім жасап жүрсе тағы не то.)) Бірақ өзге саланың адамдары мұндайды бірден түсіне қоймайтыны рас. Белгілі бір салаларда опа-талапсыз шығуға болмайды. Бұған да көндік дейік.
Қалып тұрғаны сырға мен қыздарға тән қылықтар. Продюсер дәл осы қос тетік арқылы «жер өртеді» десек болады. Мақсаты орындалды. Өз шәкірттерін сахнадағы өзге әріптестерінен осылайша ерекшелендірді. Бірақ қылықтары мен билері қыздардікіне ұқсаған жігіттер «иглз» қыздарға не себепті ұнап қалды деген сұрақ туындайды. Мүмкін «иглз қыздар» деп отырғанымыз жас балаша сүйкімді жігіттерді жақсы көретін еркекшоралау жандар шығар?! Мейлі жаратылысыңнан еркек бол, мейлі қыз бол, кей қылықтарыңа бәрі бір бойыңдағы гармон мөлшері жауап береді. Табиғат заңы сондай. Ал жігіттер жағы неліктен жек көріп кетті бұл топты?! Қыздікіндей қылықтармен бойжеткендердің назарын өздеріне аударып жатқан жігіттерді қай жігіт жек көрмейді десең)) Мектепте болады ғо, физикалық әлсіз көрінсе де, үндемей жүріп барлық қыздармен тіл табысып, бірден мутить етіп кететін. Біртүрлі қылықтарымен қыздың назарын өзіне аудара білетін. Мінезі мың құбылған қыздың жүрегін жаулау үшін түрлі амалдарға баруға дайын. Бұл қылықтар бір қызға арналған қармақ емес, бір үлкен аудай. Ара-тұра көбіміз де сондай болдық десем артық айтпаспын. Өмір — алмакезек. Мақсатыңа қол жеткізу үшін кез келген амал жарамды. Продюсердің әу-бастан көздегені орындалып жатыр. Бәрі жоспарға сай, күтілген сындарға уақытылы әрекеттер жасалуда. Оның ойын бір жағынан құптаймын. Шынымен де, қазақ тілін сапалы музыка арқылы шет елдерге экспорттайтын уақыт келді. Бірақ оның құны бізден кейінгі өскелең қоғам үшін қымбатқа соғуы мүмкін. Бұл — осы даулы сұрақтың екінші жағы. Мақсат пен тәуекелді айқындап алайық. Мақсат — қазақ тілін шет елдерге таныту, естірту, сапалы музыка жасап экспорттау, шоу-бизнесті дамыту. Тәуекел – жас сананың жаппай улануы, өзге бағытпен кетіп қалу қаупі. Дәстүрлі менталитетке кері әсері. Өйткені мынаяқта уже еліктеп жатыр:
91-ге оралайық. Квинтеттің клипі шықпай тұрып, әндерін алғаш естігенде қазақша сөздердің заманауи ырғақтарға дөп түсуі құлақтың құрышын қандырғаны рас. Кейін алғашқы клипін көргенде бірден түсінбей қалғандардың қатарынан табылдым. «Образдары ғо» деп оған да мақұл дегем. Өйткені қазақ тілінің Азия құрлығындағы ең танымал музыкалық жанры арқылы әлемге танылса екен деген тілек менде іштей бұрыннан бар болған. Ал «Қайтадан» әнін тыңдап, клипін көргенде мән беруге тырыспай, скептикалық түрде қарап, санам еріксіз бұл топты игнорға лақтырғысы келді. Бірақ үйдегі қарындасымнан бастап, бірқатар таныстарым тыңдай берген сайын, құлақ етің үйреніп кетеді екен.
Ең бастысы шоу шоуға ұлассын. Үлкен өнерде ең бастысы той емес, шоу. Металл мен рокты қазақша орындайтын бұрымды жігіттер шығып жатса бірден айыптап кетіп жүрмейік тағы. Мысалы, Лед Зеппелин, Токио Отель секілді. Айтпақшы, алысқа бармай-ақ қояйық өзіміздің Лұқпан ағамыз бар екен ғо. Бұл шоу. Ережесі сондай. Қазақ тілін дамыту үшін шоуға шек қоюдың қажеті жоқ. Әркім өз приоритетін ұстанады. Біреуге менталитет маңызды, бірі қазақ тілін ту етеді, екіншісі дінді жоғары қояды. Айтпақшы, к-поп жанрындағы кәріс әртістер мойындарына сән үшін крест тағады екен. Меніңше бұл христиан дінін ұстанған елдерді музыкамен экспансиялаудың бір түрі. Өз басым 91-ді қазақ тілін ту етіп, батысқа жорыққа шыққан миссионерлік топ деп санаймын. Тек бара-бара крест тағып кетпесек болғаны.)
Әндері гетеросексуалды, бірақ кей қылықтары гомосексуалды. Онымен келісем. Қыз қылықтарының элементтерін орындау арқылы бойжеткендердің ішкі жан дүниелеріне, болмыстарына жақын болу амалы, белгілі бір психологиялық қулық-тетігі деп түсінем бұны. Көрермен мен тыңдарманның ең эмоционалды, эмоцияға берілгіш бөлігі – қыздарды қысқа уақыт ішінде өздерін тыңдайтын аудиторияның костягына айналдыру айласы ретінде қарасақ, продюсер өте сауатты ойластырған. Артықшылықтары мен кемшіліктерін осылай көремін. «Концертіне сонымен барар ма едің» деп сұрасаң, «несі бар» деп жауап берер ем. Жанды дауыс, сапалы музыка, үйлесімді би, жалықтырмас түрлі түсті образдары үшін неге бармасқа?!) Маған керегі шоу. Түсінгеніңіздей, қос тарапқа да түсіністікпен қараймын. Айтпақшы, қараша басында Ақтөбеге концерттерімен келіп қалулары мүмкін. Одан кейінгі пікіріммен тағы да бөлісіп қалармын.
Естеріңізде шығар, 2010-жылдан бастап кәріс дорамалары мен түріктің сериалдары хит болды. Біздің қоғам сол кезден-ақ қақ жарылды десек болады. Қос жанрда да жігіттердің образдары сезімтал, жылауық болды. Кәріс жігіттері боянып нәзік көрінсе, түріктерде сақал қою фишка болд. Талғамда талас жоқ дегендей, біздің қаракөз қыздарымыз сол кезден бастап өздерінің идеалдарын елестетіп алды негізі. Бірі нағыз жігіт түрік сериалдарындағыдай болу керек десе, дорама фанаткалары қазақ жігіттері кәрістердей болса игі деді. Міне, жауабы анық сұрақ.
Ерболат Беделхан айтпақшы, шынымен біз кімбіз, қазақтан бұрын? Азиатпыз, яғни монголоидпыз. Біз таяу шығысқа, кавказға, еуропиоидқа жатпаймыз. Айнаға қарайықшы, біз жапоннан, кәрістен, қытайдан, оңтүстік шығыс азиялықтардан аумаймыз ғо, көкелер.)) Яки бұл — біз өз қазақтілді музыкамызды әлемге кеңінен танытамыз десек, солардың батысқа алғаш болып салған музыкалық жолынан айналып кете алмаймыз деген сөз. Әрине қазақ әр түрлі қауымнан құралған полиэтнос. Бірақ түп-тамырымыз сол моңғол, алтай, оңтүстік сібір халқына, америкадағы үндістерге келіп тіреледі. Бұл жеке пікірім.
Өз басым к-поп жанрын алғаш көргенде қуанғам. Оған 5 жыл бұрын ювижн сайтына жариялаған мына алғашқы жазбам да дәлел.
yvision.kz/post/120162
Мен сол кезде тек қазақ үшін емес, күллі азиялықтар, яғни өзімізге ұқсас ұлт-ұлыстар үшін қуандым. Күллі әлем ақ нәсілді әртістерді біледі, солар арқылы өздерін қара нәсілділер, яғни афроамерикалықтар танытты. Әлемдік музыкаға қосқан жанрлары сан алуан олардың. Ал біз азиялықтар, оның ішінде қазақтар қайда қаламыз? Әлде орыстың сөзіндегідей: «Мой дом с краю» деп отыра береміз бе?! Біз қанша жерден ақтарға еліктейік, бет кескініміз еуропалық не таяу шығыстікіндей болып кетпейді. Бірақ бұл сөз ақтардың біздің өнерге деген сұраныстарының жоқтығын білдірмейді. Олар біздің оларға деген ұқсау талпыныстарымызға күле қарайды. Музыкамызға да, тілімізге де мән бермейтіндері сондықтан, дамымай жатқан ғылым мен технологиямызды айтпағанда. Меніңше, қазақ эстрадасының кей әншілері керісінше қуанулары керек сияқты. Өйткені 91 арқылы олар да әлеуметтік желілер арқылы танылуда. Ел ағаларын да түсінуге болады, қазақ тілінің әлемге деген музыкалық экспансиясы дәл осы к-поп жанрымен басталғанын қаламаған шығар. Амал нешік. Тілімізді қысқа мерзім ішінде әлемдік музыка деңгейіне шығарғымыз келсе, әлемдік сұранысты ескеру керек. Тек кәрістер секілді крест тағып кетпейік.))
Мындағы соңғы сұхбатты да көруге кеңес беремін. Орысша болса да, мән-жай толығырақ.
