ЖОО-дағы келеңсіздіктер
Қазір қай ЖОО-нына бас сұқсақ та парақорлықты көреміз. Аттестация мен сессияға жақындаған күндері оқытушылар, жастардың тілімен айтқанда «қатая» қалады. Кейбір «ұстаздар» тіпті шын өз күшімен оқып, 5-тік бағаға лайық болғысы келген студенттерді жақтырмайды, тіпті құлатуға тырысуы да мүмкін. Парақорлық дендеген жерде қандай білім мен тәрбие туралы айтуға болады. Оқытушылардың пара алуын жалақының аздығымен байланыстыратындар бар. Әрине, айыратын нәпақалары көңіл көншітпейтіні рас, бірақ дегенмен де мүлде ақша алмай қызмет істеп жүрген ғалым-ұстаздар баршылық. Олардың киімдері де, өздері де қарапайым. Жаяу жүреді. Бірақ ары таза.
Тағы байқағаным, оқытушылардың парақорлық деңгейі студенттердің материалдық жағдайларына байланысты екен. Мәселен, көбі грантта оқитын, қарапайым отбасыларынан шыққан студенттер оқитын ЖОО-да парақорлық мейлінше аз болады.
Кейбір ғалым-оқытушылар өзінің ғылыми атағын алға тартып, көп дандайсиды. Менің ойымша, ЖОО-да қандай кафедра, қандай кабинет, бөлім болсын барлығы студентке қызмет етуі тиіс. ЖОО-да ең басты фигура – студент, оған жоғары дәрежелі білім мен тәрбие беру және осының бәрін жүзеге асыру үшін жағдай жасау. Ал кейбір ұстаздар бұл жерде өздерін бәрінен тым артық көріп, кергиді. Егер ғылым қуса ғылыми институттарда жұмыс істесін.
