BlogCamp: Блогшылар Құрылтайы 2011
Өткізетін орын нақты болмайынша хабарламай тұра тұрғанды жөн көрдік. Сонымен бүгін KIMEP-тегілермен сөйлесіп, олардың ауызша келісімін алдық. 19-20 наурыз күні Алматы қаласында (Блогшылар құрылтайын (BlogCamp) өткізетін болдық. Енді ресми қағаздарын толтырған соң, ресми жауап деп айтамыз ғой. :)
BlogCamp деген не?
BlogCamp — дүние жүзіне кең таралған жаңа медиа өкілдерінің жиыны. Ел ішінде түсінікті болуы үшін біз іс-шараны «Блогшылар құрылтайы» деп те атап отырмыз.
Осыған дейін бірнеше елде өткен Баркэмптерге қатысқан едік. Сондай Баркэмптің біріне қатысқан Бақытгүл бұл іс-шараны өте дәл түсіндірген:
Barcamp — негізі IТ мамандар, блогшылар, жаңа медиа технологияларымен айналысатын мамандар, журналистер, студенттер, зерттеушілер қатысады. Олар өздерінің жобаларымен бөліседі, жасаған бағдарламаларын ұсынады, серіктестер табады, кейде бизнес жобаларға ұласады, жәй танысады, достасады т.б.
Жалпы атауы «баркемп» болғанымен, кей кездері ұйымдастырушылар іс-шараны нақты бір тақырыпқа бағыттайды, мысалы, тек блогқа (blogcamp), медиаға (mediacamp), IT мамандарына (icamp) т.б.
Негізі баркемп өткізудің өзіне тән кішкене талаптары бар:
1. Ең алғаш қызығушылық танытқандардың бәрі сайтқа тіркеледі.
2. Сол жерде пікірталас жүргізіп, виртуалды бәрін ұйымдастырады.
3. Баркемп туралы мәліметті өз блогтарында жариялап, хабардың таратылуына үлес қосады, достарын, таныстарын т.б. баркемпке қатысуға шақырады, шетелден немесе басқа қаладан келгендерге баркемп кезінде тұратын үй табуға көмектеседі немесе ұсынады, бірігіп спонсорлар табады (иә табуға көмектеседі).
4. Бірінші рет баркемпке қатысып отырғандар өздері иә біреумен бірлесіп презентация жасайды.
5. Сайтқа тіркелгендер өздерінің презентация тақырыбын ұсынады, сонымен бірге қандай тақырыпта презентация тыңдағылары келгендері туралы да жазады.
Басқа елдердің тәжірибесінен көрінетіндей, баркемптің негізгі 4-5 ұйымдастырушысы болады, олар бәрін өз айналасына виртуалды жинап, іс-шараның жақсы өтуіне бар күшін салады, және Көмекшілер (Help team) болады, қалаған адамның бәрі өз еркімен көмекші боламын десе есік ашық.
Яғни ең бастысы, баркемпке қызыққан, өз ойымен шын мәнінде бөліскісі келетін адам келеді деген сөз ғой.
Бұған қалай қатысамын?
Қатысу өте оңай. Осы сайтқа көп кешіктірмей тіркеу формасын жариялаймыз. Соны толтырып жіберсеңіз болды.
Ұйымдастурышысы кім?
Жоғарыда айтып өткендей мұндай форматтағы жиынның өтуі тікелей қатысушылардың өздеріне байланысты. Қатысушылар презентация жасап, ойларымен, тәжіриебелерімен, ақшаларымен бөлісіп, іс-шараға өз үлестерін қосуы тиіс. Екі қолын қалтасына салып, қонақ болып келген ешкім болмауы тиіс. Келген адам презентация жасауы тиіс, презентация жасауға шамасы келмесе, баяндамашыға сұрақ қоюы керек, оған да шамасы келмесе, қабырғаға шеге қағып, баннер жабыстыруы керек немесе көлігі болса, келген қонақты күтіп алу, өз үйіне қонақ қылдыру, қатысушыларды тіркеу т.с.с. көмектерін қосуы тиіс.
Сонда...
Иә, негізгі іс шараның үйлестірушелері бар. Олар алтын уақыттарын осы іс-шараның барынша ойдағыдай өтуіне жұмсаймыз деп, келіскендер:
Алматылық топ: Асхат [urimtal], Ербол [azanbekov], Дінмұхамед [qisyq], Мақпал [maqpal], Мейіржан [kazprose], Салтанат [balgyrgan]
Астаналық топ: Өркен [orkenegro], Аршат [asaubota]
Қалай көмектесе аламын?
БАНЕР: дәл қазір банер жасап жатырмыз. Соған қатысты ойларың керек.
АУДАРМАШЫ: Демеушілерге жіберетін мәтінді олар түсінетін тілге (орыс, ағылшын) аудару керек болып тұр
ДЕМЕУШІ: Басқа қаладан келуішілердің жол және жататын орын шығынын және BlogCamp барысында қажет болатын канцтауарлар т. с.с. заттар және байқауларға кететін қаржы, блогшылардың жаңа жобаларын қолдау үшін демеушілер іздеуіміз керек.
ЕРІКТІЛЕР: Бұдан өзге де әрбір қатысушыға жұмыс табылады. Тек қолынан не келетінін айтса болғаны. КІМ ДАЙЫН?
Пысы. Dabai.kz осы іс шараны ұйымдастыруда арнайы алаң ретінде пайдаланбақшымыз. Әрі blogcampkz деген қолданушы атынан ресми мәліметтер жарияланып отырады.
