Ескі архив · 11.01.2011 09:57

ФИФА-ның 2010-дағы үздіктері

ФИФА өз таңдауын жасады кеше. Цюрихте ғой, дәстүрлі ошағында. Месси осымен қатарынан екінші мәрте төрткүл дүниенің озат футболисі атануында заңдылық бар шығар. Өзі бір команда. Аргентинаға «он ойыншыға татитын бір-ақ ойыншыны-ай беріпті» деуге келер ме еді белгілі терме мақамына салып… Үздік бапкер деп Жозе жігіт Моуриньо деп таңдауларында да бұра тартушылық жоғы ап-айқын. Кәнігі майталман боп алды. Барған жерін гүл қылады-міс. Міс емес-ау, шын мәнінде солай білем. Бойдақ жігітке "қой бақ!" деп дүрсе қоя берсең ойлап қала ма, одан да шашбауын көтерушілер тойлап қалсын. Үздік голға келейік. Иә, бұл туралы гәп өзгеше. Өзгешелігі сол, оның орын алуына қасиетті қазақ топырағының себі тиген-ді. Және сіздің жазбагер пақырыңыз сол кереметті тамашалаушылардың бірі болған-ды. Бұрыштамадан әуелете келген допты шірене торға бағыттаған Хамит Алтынтопты ФИФАға мүше бар ел 2010-ның ең үздік голы деп дарақылауынан азиат тектестердің де доп тебісуде дес берместей мысы басып келе жатқанын аңғаруға талпынып көрейік пе? Сөз жоқ, елдегі футбол тұрғысындағы сарабдал саясат пен жалпыели спортқа деген оң көзқарас «Арена» сынды күллі жаһанда сирек ұшырасатын алаңдардың бой көтеруіне, онда сақа сұрмергендердің арқа қыздыруына және сол арқа қыздыруға сіз бен біздің куә болуымызға дәнекер. Ал Хамит… Ол әлі оқиға орнынан лезде табанын жалтыратып, ұстатпай жүрген бандыны да құрықтар. Солай болжаймыз. Алда-жалда біреу мұрнынан жетектеп тұрып жылатып қоймаса. Сағат тоғыз жарымдар шамасында…
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту