Ескі архив · 13.01.2011 16:17

Авторлық құқық жайлы қозғалған пікірді қолдаймын

Блогшылардың құрылтайы Алматыда өтеді деген ғаламтордағы қуанышты хабар әп-сәтте жан-жаққа тарауда. BlogCamp форматында өтетін басқосудың негізгі мақсаты жүздесу, пікірлесу, сонымен қатар өзара тәжірибе-ойлармен бөлісу болып табылатыны да айтылуда. Көптің ойында жүрген дүниені іске асыру ұйымдастырушылар тарапына оңайға соқпас. Қалай дегенмен, алғашқы басқосудың орны бөлек. 2010 жылғы мамырдағы «Мінбердің» басқосуында біраз блогшылармен жүз таныс болып қалып едік, ендігі кең ауқымды жиында таныстықтар артып, тағы құнды, пайдалы ақпараттарды меңгеріп, тәжірибе жинақтап жатсақ, нұр үстіне нұр емей немене? «Мінбер» семинарының алғашқы күнінде «Интернет саласының құқықтық реттелуі», «Блогтың заңнамалық аспектілері, авторлық құқық» тақырыбында мамандар тарапынан баяндамалар тыңдаған едік. Дәл қазір сайтта «Құрылтайда интернеттегі авторлық құқық мәселесі көтерілуін қалайсыз ба?» сұрағы төңірегінде сөз қозғалыпты. Негізі, семинарда Аршат «блогтардан ұрлап, көшіріп басу» мәселесі жөнінде сұрақ өрбіткен де еді. Шыны керек, аса мардымды жауап берілген жоқ. Өз басым, тамыз айында аймақтағы облыстық «Дидар» газетінен блогымда жарияланған «Гүлдер сыры» /газетті сақтап қойып едім, өкінішке орай кеше үйден таппадым/, Шымкент қаласынан шыққан «Тылсым дүние» газетінде «Жұлдыз-жорамал», «Ақ қоян жылы не сыйлауға болады» атты материалдарды сөзбе –сөз көшіріп басқанын көрдім /Ақзере салып жіберді/. Аталған мәліметтерді орыс тілді сайттардан аударғаным жайлы блогымда сілтеме де көрсетілген. Ал көшіріп басушылар оны өз газеттеріне сілтемесіз-ақ жариялаған. Бұл жайт басқа да блогшылардың басында бар. Не деуге болады? Меніңше,құрылтайда көтеретін мәселелер тізіміне міндетті түрде енгізілуі тиіс.
Авторы:
TOTY

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту