Мұсылман мен Лексус
“Лексусты” жақсы көлік дейді білетіндер. Жақсы екенін түрінен де білуге болатындай. Әдемі. Қарасаң көз тояды. Артық-ауыс жері де жоқ. Жұмыртқадай жұп-жұмыр келген кескіні де тамаша. “Тойотаның” элегант нұсқасы дейді” тағы бір білгіштер. Бәлкім… Әйтеуір, автокөлік-сүйгіштердің сілекейлерін шұбыртып-ақ тұр. Әркім-ақ сол бір сұлу мәшінді иемденуге құмар-ақ. Ал енді менің тақырыбыма келсек, “Мұсылманның Лексусқа не қатысы бар?” дейсіздер ғой? Пәлендей қатысы шамалы. Бірақ ғибрат алатын жері бар. Тек Лексус қана емес “Мерседестен” де, “Порше” мен “Ламборджиниден” де. Қалайша? Былайша! Қазіргі таңда кез-келген дүние, соның ішінде автокөліктер де жылдан-жылға модернизацияланып, жылдан-жылға модификациядан өтіп, күн санап автоматтандырылып, сағат санап ғылымдағы жаңа технологияларды бойына сіңіріп келеді. Шопырлар тіпті былтыр алған көлігі бұзылған кезде биылғы шыққан дәл сондай көліктің дәл сондай бөлшегін салса, бармайтындығын айтады. Яғни, біздің “ойыншықтарымыз” уақыт санап жаңаруда. Шындығында оларды жаңартады. Өйткені, тілсіз темір өздігінен жаңара алмайды. Зауыттан солай шығады. Оның жаңа түрін тек жасап шығаруға болады. Бұрынғысы болса, сол күйінде қалады. Айтпағым, мұсылман – адам баласы. Оған жаңару үшін қайта туылу (зауыттан қайтадан шығу) қажет емес. Тіпті мүмкін емес! Ал біз тілсіз мақұлық емеспіз. Адамбыз! Адам баласымыз. Оның үстіне мұсылманбыз! Ендеше, мұсылман баласы осы көріністен ғибрат алуы тиіс! Жылдан-жылға білімін арттыруы керек, жылдан-жылға мінезін жақсартуы қажет, күн санап қайырымдылығы, сағат санап мейірімділігі артуы керек! “Бұрынғы жартас – сол жартас” күйінде емес, уақытпен бірге жақсы жаққа түрленіп, ғылымдағы соңғы жаңалықтарды өзінің, елінің, тілінің, дінінің, ділінің пайдасына асыра білу керек. Әйтпеген күнде біздің 90-жылы шыққан “Москвичтен” не айырмашылығымыз қалады? Содан соң “Мен мұсылман! Менің айтқаныммен жүріңдер! Анау болмайды, мынау болмайды” деп кеуде кергеніңе кім қарасын? Елге күлкі болып қана қаласың. Себебі, сен “Москвич” секілді уақыт ағынынан, заман талабынан, ғылым жаңалығынан қалып қойғансың. Жоғарыда аталған керемет автомобильдер секілді, елді аузыңа қарата алмайсың. Ал егер, біздер, мұсылмандар, осындай түрлі-түрлі шет елдік мықты көліктер секілді, “Сен тұр, мен атайын” деп, екі иығымызды жұлып жеп тұрсақ… Исламға көзқарас оңарар еді… Санасар еді… Ешкім менсінбейтін “Запорожец” күйімізде жүргенімізбен қоймай, өзгеге кісімсініп ақыл айтар болсақ, бізді кім адам деп санасын?.. Олай болса, мұсылман бауырым, жылдамдықты ауыстыр механикадан автоматқа!
ПыСы: Жылдамдық ауыстырғыштың автомат түрінен көрі механика түрі жақсы екенін білемін. Соңғы сөйлемнің мағынасы – біздің өмірімізге аллегория ғана.
timurrr.co.cc
