Қадырсыз қадіріміз қашпаса ғой...
Иә, келмек болғасын, кетпек те бар. Бәріміз Оған нәсіп болған сәтте аруланып аттанармыз. Өмірден Қадыр аға Мырзалиев озды дегенді естіп қалдым. Қазақ Қадырсыз қалса да, қадірсіз қалмаса екен деген ой жылт ете қалды. Әй, бірақ қара өлеңіңнің Қадыры кетіп қалды-ау… Сахнаға ең алғаш домбыра алып шыққанымдағы шырқағаным Қадыр ағаның "Қазақтарды шетелдіктерге таныстыруы" еді. Тоғыз жасымда Республикалық орталық телевидение төріне мені жетелеген ән, тұсауымды кескен ән Қадыр ағаға тиесілі еді.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той!
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ міне осы танып қой!
деп арқыраған ақиық ақынға уақыт кепті…
Жаны жаннатта болғай арда ағаның. Тәсірлі еңбектері халық жадында сақталарына, тау сілеміндей мол мұрасы әлі талай жүректерді жылытып, күш береріне сенем.
