Ескі архив · 23.01.2011 22:54

Тойға бардым

Осы сенбіде жиенімнің тойын өткізіп келдік. Жұма күні жұмыстан үйге келе сала артынып-тартынып вокзал бардық. Кетіп барамыз. Айтпақшы, той Сағыз деген жерде өтті. Орта жолға жеткенде: «Мен осы шығарда үйді кілттедім бе?» деген ой мазалап, есім кетті. Не десең, о десе, есімде жоқ! Күйеуімнен сұрасам, менен бұрын шығып кеткенін айтады. Содан 3-тен кеткен баламнан сұрасам /қайтейін енді/: «Зоқ, кілттеген зоқсын!» дейді. Сонымен, бір Құдайға аманаттадым да, қоя қойдым. Сағызға да жеттік. Шақырту қағазында той сенбі күнгі сағат 14 00-де деп белгіленген екен. Бірақ, той иелерінің есебінше кешкі 5-тен қалмай басталуы керек еді. Ол уақыт та болды. Мәссаған! Тойханаға бар-жоғы 15 шақты адам жиналыпты. Содан не керек, той 20 00-де бір-ақ басталды ғой. Кешкі көйлекпен қутаңдап кіріп барсам, бәрі маған аңтарыла қарайды. Өздері тондарын желбегей жамылып, шәлі оранып, күпі киіп алыпты. Бейне бір сенбілікке жиналып отырғандай бәрі. «Бақсам-бақа екен» демекші, тойханадағы температура «сұлуынан жылуы» деген қағидатқа бағындырмай қоймайды екен. Тосттың кезегі нағашыларға келгенде тайлы тұяғымызбен ортаға шықтық. Бұған дейін ауылдағылардың өтінішімен құттықтау адресатын жасап апарғам, ішінде Оразақынның «Екеуіңе» өлеңі де бар. Әншейінде, қазақтың тойы — жиналыс деп жүрген өзімді туғандарым «баяндамашы» етіп жіберді. Қалай?! Жастарға тілегімді айтып, жаттап барған жыр жолдарымды аяқтай бергенім сол еді, жанымдағылар әлгі адресатты айналдырып әкеп өзіме қайтып берді. Амал жоқ… Оқып бердім. Той жалғасып жатыр. Бейбіттің «Шоқ қыздары», "Қара жорға", ел-жұрт ортада опыр-топыр, мәз-мейрам. Сөзімді сөйлеп, шашуымды беріп, миссиямды орындағаннан кейін апам мені сыйлық таратушы етіп қойды. Өзімше белсенді дегендерге сыйлық үлестіріп жүрмін. Неге екенін білмеймін, тума-туыс билеп жүрген ортаға қарай көп барғам жоқ, мейлінше қонақтарға сияпат көрсеткен жөн болар деп ойладым. Өйткені, туған-туыс — өзіміз ғой. Сөйтсем, бір апам келіп: «Немене, бізге бір жаман орамалды қимай»,-дегені. "Өзіміз ғой!"-десем: "Өзіміз болсақ, жарылқамаймысың енді!"-дейді.Ал, бірдеңе деп көр! Жаман шүберек таратып жүріп, жұртты жарылқап жүрмін деп ойламаппын)))! Осы тойларда айтылатын «Біз білетін қазақ осындай» әнін (авторын білмеймін) асабалар өте «тиімді» пайдаланып жүр. Той иесі қай рудан болса, "қазақ" сөзінің орнына сол руды қойып алып, шырқай жөнеледі. «Біз білетін адай осындай» деп көмейі жыртылғанша шыңғырып, жоқ дегенде 3 айдың несиесін өтейтіндей ақша жинап кетті кешегі асаба. Әйтеуір өтті бұл той да. Қайтар жолға алдын-ала билет алғанбыз, таңғы үште пойызға отырып, өзіміздің орнымызға келсек, бір кемпір мен шалпыл ұйқыны «теуіп» жатыр екен. Қызығы — олардың да билеті қалтасында. «Сағат 5-те Жамансордан түсеміз» деп қояды. Балам тұр етегімнен тартқылап, қайтсін, ұйқы қысып барады. Жолсерік кассада қателікке жол берілгендігін айтып, кешірім өтініп жатыр. Сөйтіп бізді келесі вагонға жіберді, жайлы купеден орын тауып берді)). Таңертең Атырауға да жеттік. Келсем, үйімнің есігі қос қайтара құлыптаулы!
Авторы:
alisha

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту