Ескі архив · 28.01.2011 15:35

Айтқаны айдай келді

Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатың Бедірей деген қызың болады. Алдыңнан кес-кестеп өтетің Кекірей деген келінің болады. Ішкенің сары су болады, Берсең итің ішпейді, Бірақ адам оған құмар болады, Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады. Ит пен мысықтай ырылдасқан, Еркек пен қатының болады,- деп сан ғасыр бұрын жырлап өткен Мөңке бидің осынау сөздері бүгінгі заманға көзі куә адамның аузымен айтылғандай. Төмендегі жырдан да осынау заманның сипатын анық аңғарасың: Ертеңіне сенбейтін күнің болады. Бетіңнен алып түсетін інің болады. Алашұбар тілің болады. Дүдәмалдау дінің болады. Әйелің базаршы болады, Еркегің қазаншы болады, Жылқы жұлдыз болады, Қой құндыз болады. Кебір – жерге теңеледі, Әйел – ерге теңеледі, Көл – теңізге теңеледі. Сиыр – өгізге теңеледі. Ақырзаман адамы – Сағынып тамақ жемейді, Ащыны – ащы демейді, Тапқанын олжа дейді, “Алһам” білгенін молда дейді. Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді. Сарылып келіп тосады, Құны жоқ қағазды судай шашады… Заман ақыр боларда — Жер тақыр болар, Халқы пақыр болар. Балалар жетім болар, Әйелдер жесір болар, “Ә” десе “мә” дейтін кесір болар. Бас қосылған жерлерде, Әйел жағы ден болар, Жаман-жақсы айтса да, Өзінікі жөн болар. Орай салып бастарың Жалпылдатып шаштарың Тақымдары жалтылдап, Емшектері салпылдап, Ұят жағы кем болар, Сөйткен заман кез болса, Түзелуі қиын болар,- деп толғайды Мөңке. Қайран бабаның көрегендігіне таң қалмасқа лаж жоқ.
Авторы:
alisha

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту