Ескірмейтін Азиада, ес кірмейтін гимн...
Азиада алауы сөнді. Ойындар тәмам, алтыннан алқа тағындық. Шашамызға шаң жұқтырмадық. Басқа шауып, төске өрледік. Өзге ұлттық құрамалар қосалқы дружиналарымен келсе де, бұл бізге тиесілі жеңістің салмағы мен айбынын мүләйімсітпейді. Тұтас спорт мүшайрасы тосын жағдаятсыз өтуі де абырой. Тек кішкентай бір нәрсе кірбің ұялатып тұрғаны…
Бұған дейін «Хасанғалиев vs. Крутой» тақырыбында шеті шығарылып еді. Крутойдың әні ашылу салтанатында айтылды, қателеспесем. Ал Ескендір ағамыздың Азиадаға орайластырып арнайы өткізілген бәсте топ жарған әні ескерусіз қап қалған сықпытты. Алаңдататыны, ешбір жерден ресми түсініктеме таба алмадым. Мүмкін, бұл турасында есі дұрыс дәйектеме берілген шығар, білулеріңіз жоқ па? Жалпы, осы жұрт Ескендірді біле ме екен?!
Бастапқыда «жеңімпаз ән ашылу салтанатында орындалады» деп алып, кейін ол уағдаластықтың мүлде ұмыт болуы қисынсыздау-ау.
Әйтпесе, қара да тұр, Азиададағы спортшылардың жеңісінен кейін ұйымдастыруға қатысы бардың түгелі, «иттің итақайына» дейін «крутой» боп кетуі әжеп емес…
