"Мазганы шертетін" терминдер
Бұрын компьютерді жаңадан танып жүрген кезімде «click», «щелкнуть» деген сөздердің қазақшасы қандай екеніне бас қатырмаған екенмін. Компьютерге отырған адам тышқанның түймелерін шыртылдатып басып отырғанға «басу» деп аударылады екен деп жүре бергенмін ғой. Солай аударып жүргенмін де. Кейін жұмысқа кіргенде бір қызыл терминологиялық сөздік болды. Соның ішін қарасам, «шерту» деп қойған екен. Шынын айту керек, сол аударманы еш қабылдай алмадым. Оған негіз жоқ та емес еді: орысша-қазақша сөздікте бірінші кездескен аударма нұсқасын ала салған ғой.
Кейін «click» сөзін «нұқу» деп те бекітіп тастады. Оған да қолды бір сілтеп жүре бергенмін, бірақ…
Өткен айда «31-арнадан» алда болатын фильмдердің анонсы жүріп жатыр екен. Сонда «Щелкунчиктің» болатыны хабарланып жатыр. Астына мультфильмнің қазақша атауын "ШЕРТКІШ" (!) деп аударып қойыпты (Ом мане падме хуум)!
Көрген кезде кәментім болмай қалды, опшым (әзіл-шыны аралас: содан бері бұл туралы үндемей жүргенімнің де себебі сол еді :))
Болашақта «СЕМЕЧКИ НЕ ЩЕЛКАТЬ — ШЕМІШКЕ ШЕРТУГЕ БОЛМАЙДЫ» деген қос тілді ескерту көріп қалатын болсам, таң қалмауға қазірден бастап психологиялық тұрғыдан дайындалып жатырмын, құрысын :))
