Ескі архив · 21.02.2011 16:33

Дәрігерге қараған күнің құрысын немесе мен бүгін не тындырдым?

Балабақшадағы медбике ұлыма жалпы қан сараптамасын жасату үшін жолдама жазып берген-ді. Өткен жұмада әкесімен бірге осы шаруаны тындырды. Біздің ықшамауданнан жақында ғана жап-жаңа типтік жобадағы емхана пайдалануға берілген еді. Бұрынғы емхана кісі санына шақталмаған, ол жерге ауруын емдетпекке барған науқас, керісінше сырқатына сырқат жамап қайтады. Ал қазіргісі кең, жайлы. Айыбы — зертхана жоқ. Сода жолдамалары қолында, сол баяғы емханаға тартып барыпты ұлым мен әкесі. Еншісін алып кеткен оларды о жерде ешкім құшақ жая қарсы алмағанымен, кішкене баламен сүйретіліп барып тұрған соң, төсінен итермепті. Ертесіне 3-тен кейін сараптама қорытындысы дайын болатынын, келіп алып кетулері керектігін айтқан екен. Бүгін сол есеппен үйдегі сіңлім барды сүйретіле… Жаңа бір әзірде қоңырау соқты, сараптама қорытындысы қолға берілмейді-мыс /башпайларын да ұсынып көріпті;)/. Әлгі жаңа емхананың медбибілері өздері әкетеді-мыс. Сонда бұл туралы о баста ескертетін болса, қайда қалыпты? Сіңлім де босқа ұрыс естіді, өмірі ештеңе тындырмайсың деп жатырмын жалма-жан. Қазір зертхана меңгерушісіне соғып, біраз шаңын қағып алдым. Біздің дәрігерлердің немқұрайлылығына қаным қайнайды. Бүгінгінің дәрігеріне қарап жол бойында ала таяғын айналдырып тұрған жол полицейі көз алдыма келеді. Күніміз түспесін сендерге!
Авторы:
alisha

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту