Көрісу мейрамы немесе батысша Наурыз
Еліміздің батыс өңірінде, атап айтқанда Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облысы және Ақтөбе облысының батыс аудандарында бүгін 14 наурыз Көрісу мейрамы. Бұл күні адамдар алдымен өз үй-ішімен, сосын көрші-көлем ағайынды жағалап көрісіп шығады. Көрісуге келген балаларға үлкендер тәттілерін дайындап қояды.
Көрісу күні қайдан шықты және неге 14 наурыз?
22 наурызда тойлап жүрген Наурыз мерекесін негізі бізден басқа елдер 21 наурыз күні тойлайды. Біздің аталарымыз да 21-іне 1 апта қалған кезде мал-жандарын түгендеп, қыстан аман шықтық па деп бір біріне барып, қал-жағдайларын сұрап, көрісіп қайтатын болған. Яғни көктем келіп қалды, Наурыз келіп қалды деп, бұл қуанышты 1 апта бұрын тойлай бастаған. Сондықтан да Көрісу деп аталады.
Бұл мейрам қашаннан тойланады?
Көрісу қазір де бұрын да тойланды. Кеңес үкіметі кезінде де адамдар көрісе беретін. Қазіргі Наурыз сияқты ұмытылып кетіп, қайта жаңарған мейрам емес бұл. Халық бұл күнді Жаңа жылды күткендей күтеді. Әсіресе балалар үшін үлкен мейрам. Таңертең ерте тұрып, айналадағы үйлердің бәрін жағалап, көрісіп шығады. Қалталары тәттіге толады.
Наурыздарыңыз құтты болсын ағайын!
