Астарын ақтарамыз…
Әр апта сайын КТК телеарнасында көрсетілетін «Астарлы ақиқат» (орысша нұсқасы «Другая правда») бағдарламасының шыққанына біраз уақыт болды. Негізінде шындықты айтудан, біз естуден ешуақытта тайған емеспіз. Тіршілікті қызғылт түспен көруге құмар болғанымызбен, ондай емес екенін түсінеміз. Бірақ, жаңалықтың да жеткізілу жағынан бір ұстанымы болуы керек сияқты. Шығатын уақыты да прайм-тайм, 20:00. Ол уақытта адам баласы көбі үйде демалып, теледидар көрумен айналысады. Кейде отбасы болып та жаңалық көреді. Дәл сондай мезетте тыр жалаңаш әйелдер, еркектер, тіпті анайы сценаларға да куәгер боласың. Ата-анаңмен отырсаң, кірерге тесік таппай кететін мезеттер де болады. Басқа арнаға бұрайын десең, жаңалық көріп отырмыз.
Кейде бағдарлама шындықтың астарын ақтарамыз деп жүріп басқа жерлерді ақтарып кеткен сияқты көрінеді. Ең алдымен шоу жасағысы келетін сияқты. Бұрын соңды болмаған кадрларды ашық көрсетіп, көрерменді жинауға талпынады.
Өз басым Ресей арналарын қарамаймын. Бәлкім, ол жақта бұл үрдіс баяғыдан бар шығар. Көбінде осы бағдарламаны орыстардың «Максимум» бағдарламасымен салыстырады. Бірақ сол «Максимум» да түңгі сағат 22.00-23.00 аралығында көрсетіледі емес пе? Ол кезде балалар ұйықтап, мұндай сұмдықты көрмеуге бір жағдайы бар.
Өзімді тегі керемет періштемін демеймін. Бірақ шығарушы адамдар, сценарийстер кішкене ойланса нетті, қай уақытта шығып жатыр, кім көруі мүмкін, қандай тәрбие береді.
Алдында түскі асқа бардым. Ол жақта да теледидар қосулы. Осы бағдарламаның қайталымында 20-ға жуық адамның көзіне тағы сондай «редкий» кадрлар қойылып жатыр. Ешкім-ешкімді танымаса да бастарын шайқап, тәрелкелеріне үңіле қалды…
