Джеки Чан өзінің 100-ші фильмінің тұсауын кеспек
Жақында ғана оның өлімі жайлы Интернет біраз шулап еді, қытай жұлдызы, шүкір, аман-сау, тіпті өзі түскен 100-ші фильмінің тұсауын кеспекші екен, оның көбінде өзі басты рөлдерде ойнаған. Фильм 70-ке жуық танымал кино-жұлдыздардың басын қосып, «1911» деген атпен әлемге ұсынылады.
Джеки Чан, бұл фильмде тарихпен қоса, соғыс, экшн, романтика қосындысы болады деп жобасымен бөлісіпті. Оның негізіне Қытайдың феодалдар әулетінің құлдырауына әкелген Синьхай Көтерілісі (1911) жатпақ. Фильмде ойнаған атақты жұлдыздардың ішінде Джоан Чень, Ли Бин Бин, Уинстон Чао, Джейсиді (Джеки Чанның ұлы) атап өтуге болады. Қытай киноэкрандарына 26 қыркүйекте шығады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар АҚШ-та да көрсетілім жасалуы мүмкін дейді, өйткені Well Go USA дистрибьютерлері Солтүстік Америкада көрсетілу құқығын қазірден сатып алып қойған екен.
