Ескі архив · 08.04.2011 09:47

Жұмбақ

-Еу, құрдас. Осы сен жұмбақты жақсы шешуші едің ғой. Мен саған бір жұмбақ жасырайын, сен маған жауабын айтшы. -Айта бер, кез-келген жұмбақты шағып тастаймын ғой. -«Алысты жақындатады, жақынды алыстатады» ол не? -Осы да жұмбақ болып па! Бұл интернетте отыратындар жайлы ғой. алыстағы біреулермен жақында отырғандай сөйлеседі де, жанындағылармен тіпті сөйлеспейді. -Таппадың… -Онда… бұл кәдімгі ұялы телефон. Алыстағы туысымызбен сөйлестіріп жақындатады да, бір қалада тұратын туысыңмен сөйлесе салып, үйіне бармағандықтан алыстатады. -Ой, осы сенің оңай жұмбақтарды күрделентіп жіберетінің бар. Таппадың бұл жолы да… -Енді не болды сонда? Бұл көлік шығар, мысалы мәшине алыс жолды жақындатады, ал жақынды алыстататыны біздің елдің жолдары шығар, ойдым-ойдым жақын жерді алыстатып жеткізбей қоятын… -Лағып кеттің. -Онда бұл… біздің биліктегілер шығар… алыс біреудің тілін жақындатып, Тәңірі берген өз тілінен алыстап жүрген анау Тәңірберген секілділер шығар… -Қуып кеттің қуып! Бұл дүрбі ғой...
Авторы:
Abilakim

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту