Ескі архив · 21.04.2011 02:03

Кімнің жолы болғыш?.. (Білімділер мен білімсіздер)

Менің Айдос атты танысымды оқудан шығарып тастапты.Сабаққа қатыспағаны үшін. Кәдімгідей жүрегім сыздады. Өйткені, мен білетін Айдостың білімі ұшан-теңіз-етін. Заң деген дүние бар, құрып кеткір қатып қалған қағидасы тағы бар, оқу жүйесі бойынша, олардың Айдосты оқудан шығаруы орынды-ақ. Әсірелеп айтқанда, Айдостың оқымаған кітабы жоқ деуге болатын шығар. Толстойыңның түгін қалдырмай талдап, Шекспиріңді шемішкедей шағатын сабазыңның ең осал тұсы да- осы заң…Айдостың қоғамға ортақ қағидадан бөлек өзіндік өмір сүру ережесі бар. Еркіндікті қалайды. Сөйтіп жүріп, оқудан шығып қалып отыр.Бірақ, оның сол оқу орнында отырған қай-қай студенттен де артық білетініне, асып ойлайтынына мен кепіл. Айдостай адамдар менің группамда да бар. Сабаққа келмей, «нб» алса да, балы бәрінен де төмен болса да, мұғалімдер олардың атын атап, түсін түстеп танымаса да группадағы әрқайсысы олардың білімін іштей мойындайды. Керісінше, олар алуға тиіс балды алатын кейбір студенттердің дүниетанымы тым шектеулі, сабақты жаттап айтпаса, басқалай айта алмайтындай өрелері тек берілген тапсырманы орындауға ғана жететініне таң қалмасқа шара жоқ. Бірақ, ондай студенттерде әлгі Айдос сияқтыларда жоқ қасиет бар. Ол-ұқыптылық, тиянақтылық, жауапкершілік сияқтылар.Осы қасиеттері арқылы олар Айдостармен бір жерде иық теңестіріп отырады, кейде тіпті, олардан жоғары шарықтайды. Ондай студенттер әр группада да бар деп ойлаймын. Олар үнемі жоғары балл алып, жақсы нәтижеге жетеді. Бірақ өз группасында ешқашан білімді студент ретінде мойындалған емес. Ұқыптылығының арқасында тапсырманы мұқият орындап келіп толық бағасын алады. Сабақта айтқанын аудиториядан шыға бере қайта сұрасаңыз, жауап бере алмас еді. «Бәрі миымнан шығып кетті» дер еді.Әлгі оларға берілген балды барып тұрған әділетсіздік десең, тағы болмайды. Өйткені, оны жаттап болса да еңбектеніп алды ғой… Әрине, білім жағынан Айдостардың тырнағына тұрмаса да, олар жоғары бағаға лайық. Айдос қазір ауылына кетіп барады. Қой бағуға… Мен Айдос сияқты қаншама білімді болса да, жәй ғана тігінші болып істейтін тағы бір адамды білемін. Ол қай саладан болмасын, ерекше білім қорына ие.Бірақ, ғалым да, профессор да емес, «академик»деген атақтан да ауылы алыс. Кейбіреулер интернетті агент деп түсінетіндер сияқты білім дегенді күнделікті сабақты жаттап келу деп ұғынады. Мен айтып отырған білімді адамдардың бір тармағы шығар. Яғни, білімділердің бәрі өз жолдарын таба алмайды деген сөз емес…. Сондай-ақ, «білімсіздердің» де белгілі бір тобы деп түсініңіз. Өйткені, олардың бәрінің мен мысалға келтірген студенттер секілді алдарынан сәттілік күле қарап тұрмас… Жалпы айтайын дегенім, Айдос пен тігінші танысым сияқтылар өзіндік жолдарынан бөлек, барлық қоғамға ортақ заңдарға бағына білу керектігін дер кезінде мойындаулары қажет деп санаймын. «Қоғамды үшпен оқитындар билейді»-дейді психологтар. Бастысы, кім-кімнің де өзіне не керек екенін біліп,өмірлік жолын ажырата алса болғаны… Сурет мына жерден алынды. ushkin1.wordpress.com/
Авторы:
ushkin

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту