Ескі архив · 04.05.2011 23:41

Джыным келеді

Дәл осылай «джыным келеді» деп басталушы еді бір пост. Мен де қазір не нәрсеге жыным келетінін жазғым келіп тұр. Бұнымен бетпе-бет енді ғана кездесе бастадым. Ол — жұмыста саясатпен айналысатын адамдар. Олар өзінің қызметі жоғарылап, игіліктерге иелену мақсатында ешнәрседен тайынбайды. Олар сыртынан сені қызметтестерге, бастықтарға жамандайды, қандай әдісті пайдаланса да жолды қиып тастауға тырысады, сені алдау мақсатында саған қасақана жалған ақпарат беруі мүмкін, көпшілік алдында бет жыртысады, айыбыңды жекеге шығып емес, көпшілік алдында жайып салады, жақсылығыңды жасырып, жамандығың асырады, шалыс басқаныңды әрқашан бетіңе басуға дайын тұрады, ақ көңілмен сеніп айтқан сөздеріңді басқа біреуге жеткізіп салуы әбден мүмкін, өзінің атқарған ісін түйедей қылып көрсетеді, ал сенің істегеніңді түймедей қылғаны былай тұрсын, тіпті жоққа да шығарады, жүрген жерінде жағдайды ушықтырып жүреді… Бұндай адамдар неге осындай болады екен? Рухани осал, дөрекі, дүмбілез, қара домбай адамдар дейін десем, «зиялы қауым» ішінде де мұндай «адамдар» көптеп кездеседі. Мәселе зиялылықта емес, ниетте сияқты. Қаншалықты «ақылды» болсын, егер ниеті қара болса ол адамның құны бес тиын. Және де бұларды ақылды емес, қу, сұмпайы деп айтқан орынды болар. Біреуді алдауға, алдын орап әкетуге дайын тұрады. Әділ бәсеке болса жөн-ау. Адамгершілікке жатпайтын әдістерді пайдаланатынын қайтесің. Мектепте, отбасында адамгершілік қасиеттерді төрге қоюшы едік. Тәрбиешілер айтқан адамгершілігі мол адамдар небір суайт-құзғындардан жапа шегіп жатса, мұндай адамгершіліктің қажеті не. Жас адам үлкен өмірге аяқ басуында осындай қиыншылықтарға ұшырамас үшін не істеу керек. Қазіргі заманда "Ә" десе «мә» дейтін" эгоистікпен шектесетін индивидуалистті тәрбиелеген дұрыс та шығар. «Таспен ұрса аспен ұр деген» позиция қаншалықты дұрыс қазіргі уақытта? Өз еркімен біреуге жем болу альтруизмге де, пофигизмге де, пацифизмге де жатпайды.
Авторы:
meirzhan

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту