Ескі архив · 12.05.2011 13:43

Астанада "Избушка" опырылып қалды

Осыдан дәл он бес минут бұрын Астанада Достық көшесінің бойында, «Бәйтерек» маңында орналасқан «Избушка» қоғамдық тамақтандыру орнының төбесі опырылып түсті. Асхана бірнеше қабатты үйдің бірінші қатарында орналасқан. Аптасына жеті, тәулігіне 24 сағат істейтін қоғамдық жердің кіресілі-шығасылы адамы жетерлік. Жұрттар бала-шағасымен, жора-жолдастарымен баратын жер. Түскілікке шыққанбыз. Әріптестермен. Тамағымызды алып болғасын, кассада есеп айырыстық. Сосын ең жақын маңайдағы бос орынға жайғастық. Арада он минут өтер-өтпес кезекте тұрған кісілер айқайлап кетті. Ыдыс-аяқтың жерге құлап жатқан дауыстары естіле бастады. Кейін «гүрс» ете қалды. Шереттегі адамдар жайғасу залына шыға берістегі ашық жерге лап қойды. Айтпақшы, бүгін кіреберісте асхана қызметшісі техникалық ақаулар туындап, бүгін жайғасу залында жарықтың жоқ екенін ескертті. Әлгі опырылып, жерге түскен төбе (потолок) астында оқыс жағдай орын алардан он-ақ минут сол жерде тұрдық, мысалы… Абырой болғанда, адам жарақаты болмаған сыңайлы. Келермендер де, ішкі персонал да зақым алмаған сияқты. Құдай сақтап… Әйтпесе, сағат 13.00, сауда қызып тұрған кез, «час пик». Асханадағылардың өздері жан-жаққа бытырап кетті. Ол мекеменің қауіпсіздік техникасына жауапты кісілері бар-жоғын білмедім. Аздап абдырап қалған біздер тізіліп, сыртқа беттедік. Ет қызуы әлі кетпей тұрған кезде, мазалайтын сұрақтар пошымы келесідей: 1. Тұрғын жайлардың бірінші қабатында коммерциялық нысандарға бөлінген бөліктердің құрылыс нормативтері мен ережелеріне сәйкестігін кім растайды, пайдалануға санкцияны беруші құзыретті органдар дәл осы жағдайда есептемелерінде өрескел қателік жіберді деуге бола ма? Немесе «Избушка» құжаттағы бастапқы нысаналы мақсатқа берілген жерді өз қалауынша өзгертіп алды ма? Оқыс жайт адам лық толы болған кезде орын алуы ерекше алаңдатады (адам жоқ кезде болуы керек еді деген сөз емес). 2. Осы тақылеттес нысандардағы өрт қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі тек тосын (кейде кісі өліміне әкеліп соқтырған) жағдайлардан кейін ғана күшейтілуі үшін тексеріледі ме, әлде тұрақты, мерзімді тексеріс бола ма? Әрине, бұл болуы ықтимал әлеуетті жаманаттардан панацея емес. Дегенмен, қайсыбір мекемеге бір берілген рұқсат қағаздары мәңгіге жарамды бола ма, әлде белгілі мерзім өте оның ұстанып, ұстанылмайтындығы бақылана ма? Абырой болғанда, Астананың басым көбінде тамақ табиғи газ емес, электр плиталары арқылы дайындалады. Әйтпегенде, әлгі жерде газдың қысымы салдарынан жарылса, өкініштілеу жағдайлар болуы әбден мүмкін еді. Көбіміз трапезаны орта тұсында тәрк етуге мәжбүр болдық. "Әумин" деп бет сипап та үлгермейді екенсің. Бетін аулақ қылсын. Аман болайық!
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту