КӨП ӘЙЕЛ АЛУШЫЛЫҚ – ЕРІККЕНДІК ЕМЕС
Сексенбай сегіз рет үйленді. Сегізі де мандымады. Ең ұзағы он жыл, қысқасы бес жылды еңгеріп, қашып кетті бәрі. Әр қайсысының жетегінде мұрындықты мал мен қолтығында тау-тау дүние — мүлік кетті жылап. "Қанша қатын алсаң да ауына тартадының" кері осы. Сексенбай 79-ында тоғызыншысына бұйда салған. Кеше тойы өтті дүркіреп. Ертең Сексенбейдың сексенге толатын мерейтойы күтіп тұр тағы. Қауқылдасып скилет құрдастары мәз. Сегіз қатыннан тараған 28 ұрпақ әне, сүттей ұйып, бір атаның балаларының үлгісін көрсетуде. Үй әне, дағарадай, қора міне, мыңғырған төрт түліке толып тұр қи сасып. Сексенбай көңілі жайланып төргі бөлмеге өтті. Су жаңа келіншегі 60-ты асап, 61 ге қадам жасаған шағында да өңін бермей шымылдықтың ар жағында қыздай сызылып отыр. Сексенбай мұртынан күлді. Шіркін — ай, махаббат — ай! Көрген сәтте – ақ осы бір біреуге уыздай жас қыз, біреуге ажырасқан қатын, біреуге мыж-тыж әжені құлай сүйді. Салған жерден сөз айтты. Енді міне, тойдың үсті ыстық — суығы басылмай жатыр. Шымылдыққа жайлап енкейе берді.
— Отағасы-ау, ел-жұрттан ұятты, кішкене күте тұрсаңызшы — деген ибалы қалыңдықтың ізетті сөзіне де қарамай, тіпті одан сайын демі тарылып, жүрегі өрекпіп кіре берді. 60-ты асап, 61 ге қадам жасаған су жаңа келіншегінің аш беліне қолды сала берген. Тас төбесінен тарс етіп, есінен танып түсті кенет.
«… Кеше тоғызыншысына үйленіп, ертең сексеннің сеңгірін тойлағалы отырған шағында, оқыста гормональдық әсіре реакциялардың кесірінен, жүрек түбіндегі ерекше қыл тамырының қуатты қан айналысына шыдас бермей жарылған» деген қаніпезер диагнозға душар боп қаза тапқан Сексенбайды жерлеу рәсімі жұмаға қалдырылды. У-шу болған бала-шаға ес жия алмай есеңгіреді. Тойға жиналып қазаның үстінен бір-ақ шыққан өңшең безделник – туыс-жекжаттар «өзіміздің Сексеншиктің» сыйлылығын, оның әне бір жылы ең семіз серкесін ауызашарға арнап сойған мәрттігін, 40 жыл ауылдастар алқасының төрағасы болған кездегі ішкіш жастарды бір шыбықпен айдап жөнге салған көреген тәрбиесін айтып көз жастарын сығып алысты. Он жәшік арақты көзіне қарамай суға ағызған айбаттылығын жыр етісті.
Артында жетім қап, жыларман халді бастан кешіріп отырған 28 ұрпақ пен қара жамылған жесірі қасіретті Алпыскүл сүйген жарының, кеше ғана бақытты ғұмыр сүрмекке серт алысқан қайран ерінің портретін құшақтап еңіреп отырды.
Сексенбей алпыстағы кемпірді қыз көрген қазақ даласындағы соңғы тұяқ болатын. Одан тараған бертіндегі Қырықбай мен Елубай бір қатынның ығында жүріп, онысына қарамай, төрт қатын алушылықты желеу етіп өрімдей қыздарға қол салудан тайынбайды.
Сексенбай сегіз рет рет үйленді, бірақ еріккеннен емес. Сегізі де жалтыр балтыр қу болып шықты. Тағдыр. Тумысында қатын мәселесі ушығып тұрды әрдайым. Жолы болмады бітті. Бірақ артында 28 ұрпақ қалды. Жетістік! Ала-құла тағдыр кешкен адам баласының бір ұтыс билеті болары сөзсіз түбінде. Соңғы арманы тоғызыншысынан сәби сүю болатын. Бірақ тағы да тағдырдың таңдауы.
Әңгімеге тікелей қатысы жоқ «төменгі»:
Мұсылманшылықта төрт әйел алу бар, егер шамасы келсе. Егер әділетті болса. Егер қыз деп, қатын деп бөлмесе. Егер, егер, егер… Талабы күшті тәртібі, тәртібі тас. Шыдай аласың ба?
«көп әйел алушылық – иттік, көп балалы болу – қасіреттілікті» айтқан бір танысыма арнадым. автордан
