GeoGebra аударылды
GeoGebra – мемлекеттік тілімізге аударылды. Екі ай бойы күнде кейде 1-2 сөздің, кейде 10-15 сөздің қазақша баламаларын іздеп отырып, бағдарламаның файлдарын аударып отырдым. Аударма барысында техникалық терминдерді аудару үшін wordpress, mozillа-дағы қазақ сөздерін алып отырдым. Sozdik.kz, lugat.kz, wikipedia.org, сайттары, babylon бағдарламасы және керекшілердің көп көмегі тиді.
Кеше ғана барлық аудармаларды қайтадан тексеріп, translation@support.com -ға жібердім. Бүгін таңертең жауап та келіп қалды. Былай дейді:
«Аудармаға рахмет! Аударылған файлдар бүгінгі нұсқаға қосылды (жүктеуге қатысты қосымша ақпарат мына жерде www.geogebra.org/forum/viewtopic.php?f=22&t=1387. Бағдарлама апта сайын жаңарып отырады, (жаңартылған нұсқалар кейде одан да жиі шығып отырады))»
Жоспарым бойынша енді Геогебраның интерактивті нұсқалары мен үйретуші бейнекөріністерін 50-ге дейін жеткізуім керек. Одан кейін – облыс көлеміндегі семинарлар. Семинар бойынша ИПК-ға барып, бағдарламаны ұсындым. Қабылдады. Маусымның 6-нда жергілікті мұғалімдерге бағдарламамен жұмыс істеуді үйретуші семинар өткіземін. Айрықша, Геогебраның Қостанайда таралуына Блогкемптің әсері мол. Өйткені, Блогкемпке барып келгеннен кейін, жеңімпаз болған Геогебра жобасына көп адамдар қызыға бастады.
