Ескі архив · 03.06.2011 00:29

Бізге бір жыл толды

Әне міне дегенше, AINA мен Gastarbaiter -дің операторлары Альмира мен Асқардың бірге тұрып жатқанына бір жыл толды. Шыны керек бір жылдың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдым. Маған біз құдды азаматтық некеде жүрген қыз бен жігіт сияқтымыз. Бір жыл сынақ мерзімін жанжалсыз, скандалсыз, ыдыс-аяқ сылдыратпай өткіздік. Менің ерке мінезім бар, ішпей жемей құтырып кететін, тормоз ұстамай қалатын, қатты сөйлеп қоятын, артық кететін жерлерім бар. Бірақ осы бір жыл некеде, (оған дейінгі бір жылды есепке алмағанда) Альмира маған бір даусын көтеріп, "әй" деген емес. Достарым келгенде, қабақ шытпай, кеш болсын, ерте болсын жақсы қарсы алды. Үнемі жайдары күлкісімен қарсы алып, жылы сөзбен шығарып салып тұрады. Дұрыс емес жерімді әрқашан айғайсыз, сабырлы түрде жеткізе алады. Ондай сабырлыққа әйелдер жылдап жетеді. Бұл әке-шешесінің тәрбиесі мен өзінің түйсігі деп білемін. Тіпті екеуіміз қыз-жігіт болып жүргенде, мен санаторийде жатқанда, Құдайдың құтты күні бір-екі сағаттан сөйлесетінбіз. Менің 1 жыл сырқат кезімде де, ұзаққа созылған жұмыссыздығымда да, әкемнің өлімінде де менімен бірге қиналған Альмира. Қиындықта бір-бірімізге демеу болып, қуанғанда бірге шаттандық. Ол да болса Альмираның ақылдылығынан деп ойлаймын. Алдымызда әлі талай сынақтар бар. Бұндайды ауызша айтайын десем, әзілге айналдырып, мазақтап, дұрыс сөздің быт-шытын шығаратын жаман әдетім бар. Өмірімнің қиын-қыстау кезінде Альмираға кез болған мен, бүгінде сап-сау, еңгезердей жігітпін, екі езуге бір жұмыс та табылды:), Айанадай қызым бар. Әлекеңнің арқасында мен де сабырлы болуды, өзімді шолжаңдаған бозжігіт емес, енді ересек бір оттың ағасы сезіне бастағандаймын. Әңгімеміз таусылмайды. Ешқашан Альмирамен оңашада қалғанда, ішім пыспайды. Құдай көп көрмесін дейміз ғой. Айанадай қыз үшін, жалпы осы әлемде бар болғаның үшін рахмет саған Альмира!
Авторы:
Gastarbaiter

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту