Ескі архив · 04.06.2011 13:04

Қызылордам-ай

Бұл Қызылорданың орталық алаңының көрінісі. Соңғы уақытта көрген қалаларымның ішіндегі шаршағаны, тозғаны менің туған қалам болып тұр өкініштісі. Климаты да, жер жағдайы да ұқсас деген Атыраумен салыстырсам, Атырауға қарасаңыз, көзіңіз тояды. Ұқыпты, тиянақты, таза. Ал, Қызылорда… бір басшысы жоқ, ақша табар ресурстары тағы жоқ елді мекен сияқты. Ия, жаңадан салынып жатқан объектілер баршылық-ақ. Біздің үйдің өзі сол жаңа мөлтек ауданда орналасқан. Жаңа орталықтың ауданы болмақ дегендері қашаан, алайда неше жыл өтті, әлі сол сөз қалпында. Тұрғындарға жағдай жасалмаған. Кешкілік бой жазып қайтар саябақтар жоқ, болмайды да ғой деймін. Қанша қаражат құртып, канал жүргізді, 2 жыл бұрын ғой деймін. Жағдайы мәз емес ол каналдың. Мешіт бар, оның арам шөп басқан кең ауласы бар. Бой жазып ол жерде кешке жүре де, бас қосып отыра да алмайды екенсің құдай үйі деп. Одан қалды сауда үйі бар. Болды. Орталыққа барып, жүріп қайтпақ болғанда жоғарыдағы көрініс. Жолдар туралы айтар сөзім жоқ. Бетін әжім басқан 90-дағы қарт кісіні еске түсірсе қайтейін енді. 90 жылдық ғұмырының бет айнасы болған әжімдер ол кісіге жарасады да емес пе?! Ал, әрі кетсе 2 жылдық тарихы бар жолдардың әжімденіп, тоз-тозы шығып жатса не дерсіз-ау мұндайда :( Жұрт айтады да, қала тұрғындарының жүйкесі тозған, бірнәрсе десең болды, шырт етіп сынуға даяр деп. Жағдай жасалмаған жерде қайдағы жүйкесі оңған жан болсын? Жұмыстан шаршап қайтқанда демалатын жер болмаса, көшеде келе жатқанда көзіңе қуаныш сыйлайтын жер ол болмаса, отбасыңмен салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасалмаса адам жүйкесі азбағанда не жорық? Қалада не көп, кафелер көп-ақ. Құдды бір мешкей қарынға құлдық ұрған сияқты. Адамның рухани азықтануына, өсуіне жағдай жасалмаған. Сіздің қала жағдайы қалай, құрметті оқырман?
Авторы:
balzaminka

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту