Ескі архив · 06.06.2011 16:48

999 немесе Есірткіні жеңген жігіт жайында

"Үш тоғыздық" фильмін көріп, көңілім құлазып сала берді. Фильмнің сапасынан емес, алған әсерден. Фильм есірткіге тәуелділік жайында. Суреттемесі былай дейді: Фильмде 9 негізгі кейіпкер, өмір жайында 9 цитата. Метис есімді рэппер есірткеге тәуелділіктен құтыла алды, бірақ есесіне сүйген қызы сол үшін өмірін құрбан етті. Линда есімді нашақорды көрген Метис, оның өмірін құтқаруға бел байлайды... Американдық драма стилінде түсіруге тырысқан секілді режиссер Марина Кунарова. Көңіл босатар көріністері де жетерлік. Жиіркеніш туғызатын қойылымдарын көргенде, шынымен де есірткінің ең лас нәрсе екенін бар жан-тәніңмен түсінесің. Түсініп қана қоймай, өзгелерге де солай деп айтқың келеді, жеткізгің келеді. Адамдардың қаніпезер пиғылына, шынымен де біздің қоғамның бір-біріне пофигистік көзқарасына тәнті боласың. Актерлердің ойынына тағар мінім жоқ. Басты кейіпкер болып ойнайтын «Метисы» тобының ұзын бойлысы — Валерий Задарновскийдің барынша тырысқаны көрініп тұр. Жылай алды экран алдында (қыздар көріңдер ). Сондай-ақ, фильмнен аса танымал актерлерден Максим Акбаровты (Сказ о розовом зайце), Төлепберген Байсақаловты (Тюльпан, Трубадур, Бақсы, т.б.) көре аламыз. Бұл режиссер қыздың еңбегін алғаш көріп отырмын. Жалпы, өзіндік бір қолтаңбасы бар немесе стиль қалыптастыруға талпынып жүр деп ойлаймын. Басқа да туындылары болса, салыстырып көру қажет екен. Негізінен, жаман емес. Экшн-көріністер мен әдемі трюктер фильмнің сюжетіне етене кіріп, үйлесім таба алды деп 90 пайызға айтуға болатын сияқты. Десек те, ол сәттерді жай қосымша деп қарастыра аламын. Өйткені, ол әдемі трюктерсіз-ақ фильмге жақсы баға бере алар едім. Ең ұнаған көрінісі — соңында екі көліктің қарама-қарсы соқтығысуы болды. Әрине, компьютерлік графика шығар, бірақ өте әдемі де әсерлі шығыпты. Операторлары мен компьютерлік әрлеушілерінің кәсібилігіне риза болдым. Диалогтардан жасандылық көре алмадым. Ең бастысы осы ғой — әйтеуір адамдар арасында байланыс бар. Белгілі бір мөлшерде. Артық та емес, кем де емес. Нәтижесінде, бір емес, бірнеше рет қайталап көруге тұрарлық әсерлі драма пайда болды. Қуанышты сәттерінен көрі, қайғылы, ауыр қойылымдары көп болса да, көрерменнің есінде жақсы жағынан көпке дейін сақталады деген сенімдемін. Баға: 8/10. P.S. Он-лайн көргісі келетін адамға жекеден сілтемесін жібере аламын.
Авторы:
patick

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту