Ескі архив · 06.06.2011 13:48

FPC ұсынған АҚШ сапары: блоггерлік институтын ұштау талпынысы

07.07.07 датасында блог жүргізуді бастап жатып, бұның ақыр түбі неге ұласуы мүмкін екенін елестету ойда болмапты. Төрт жылға жуықтап қапты. Аршаттың көмегімен қолайлы шаблонды икемдестіріп жатқанымыз кеше ғана сияқты еді. Жуырда АҚШ-тың Мемлекеттік департаментіне қарасты Foreign Press Center өкілдері хабарласып, маусымның 12-18 аралығында Америка Құрама Штаттарында Blogging for Social and Political Change (Әлеуметтік және саяси өзгерістер үшін блог жүргізу ісі) айдарымен өтетін журналисттік турға жолдамалы болғанымды білдірді. Тәжірибе алмасуға жақсы дәнекер болғалы тұрғанын соңыра ұқтым, шамасы. Жиырма елдің блогшысы жиналады екен. Атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Иран, Ирак, Израиль, Германия, Португалия, Қытай, Филлипин, Пәкістан, Ауғанстан, Йемен, Оман, Морокко, Бахрейн, Армения, Индонезия, Зимбабве, Уганда және Кения елдерінен жиырма блоггер жиналатын ұқсаймыз. Бізге алдын-ала жолданған бағдарламаға сәйкес, Вашингтонда АҚШ Үкіметінің қазіргі заман медиясына жауапты құзырлыларымен пікір алмасады екенбіз. Сонымен қатар тур барысында интернеттегі сөз бостандығын қорғау топтарының белсенділерімен, Миннесота Университетінің журналистика факультеті студенттерімен дидарласып, Миннеаполисте екі күндік Blogs and New Media in Political Advocacy (Саяси ұстанымдарды қорғауда блог және жаңа медияның ролі) форумына қатыспақпыз. Қолым тигенінше «оқиға орындарынан» балауса жазбаларыммен бөлісіп отырамын. Осы апта соңында межелі жолсапарға аттанбақ шарт. Оған дейін ҚазНеттегі негізгі жағдайларды, түйткілдерді бір саралап алсам ба деген ниет бар. Түйінімнің бастылары www.kerekinfo.kz еркін блог жүйесі негізінде жасақталатын шығар. Бүгінгі қазақы ғаламторланудың айшықты мозаикасы дәл осы «керекинфо» болып тұр. Тезистердің басыбайлысы да, тиісінше, соған байланбақ. Мұхит асып жүргенде сіздердің де талап-арыздарыңыз болса, қосар ойларыңыз болса оны да біле жүрсем игі еді. Біріге әлі біраз асуларды еңсеріп тастармыз. Нәсіп болса. Ал әзірше, 94 жылы Түркияға қыдырыстап барғаным болмаса, шет асып көрмеген мен үшін апта соңындағы шалғайдағы жұрттыкін барып көріп қайту қызық іс болайын деп тұр. Үйдегілер жолда қарның ашып қалмасын деп қамқор көңілмен дорба-дорба нан-пан, сүр ет, тары-талқан сап, ұятты қылмаса деңіз…
Авторы:
Nurgisa

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту