Ескі архив · 08.07.2011 00:23

Жоғары білімге жоғары талап керек

Биылғы жылы елімізде ЖОО-да оқу ақысы тағы да көтеріліп отыр. Қ.Р. Статистика жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Қазақстанда барлығы 148 ЖОО бар. Олардың 53-і мемлекеттік саналып, онда 310092 студент немесе жалпы санының 49,9%-ы білім алуда. Қазақстандағы студенттердің 77,3%-ы ақылы негізде оқиды. Оқу ақысының көтерілуі жоғары білімге сай келе ме? Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін (ҚазҰУ), Каспий унисерситетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық университетін (ҚазЭУ), Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетін (ҚазҰТУ) және Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясындағы (ҚазБСҚА) оқу ақысын салыстыра келе бір мамандықтың әр оқу орындарында әр түрлі екендігіне көз жеткіздік. Мәселен, ҚазЭУ-де бакалавр деңгейінде бір жылға қаржы мамандығына оқу ақысы – 450 мың теңге, экономика – 360 мың тг, кеден ісі – 280 мың тг, ал ҚазҰУ-де сәйкесінше қаржы және кеден ісі – 635,8 мың тг, экономика – 560 мың тг. Ал Каспий университетінде экономика мамандығына оқу ақысы – 180 мың тг екен. Сондай-ақ құрылыс факультетіне ҚазБСҚА-да 350 мың тг болса, ҚазҰТУ-да 320 мың тг екен. Байқағанымыздай, бір мамандықтың оқу құнында едәуір айырмашылық көрінеді. Естеріңізге сала кетсем, статагенттік мәліметтерінше, ЖОО-да білім алып жатқан студенттер жалпы санының айтарлықтай басым бөлігі әлеуметтік ғылым мен бизнес мамандығына ден қойғандар – 25,4%-ды, педагогикалық мамандықты – 20,4%-ы қалаған және техникалық ғылым мен технология саласындағылар 18%-ды құрап отыр. Ал осы көпшілік қалаған бизнес мамандығына абитуриенттердің бәрінің дерлік грантқа түсу мүмкіншілігі бар ма? Оқу ақысын қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? Жоғары білімге қойылатын жоғары талапты студенттер ақтай ма? Міне, осы сауалдар бойынша студенттердің пікірін білген болатынбыз. Досбол Қамзаев, ҚазҰУ-дың Заң факультетінің 4-курс студенті: Әрине, оқу ақысының жылдан жылға көбейетіні бізді алаңдатады. Өзім ақылы бөлімде оқимын. 2007 жылы оқу ақысы 280 мың шамасында еді, 2008 жылы бір жылдың ішінде 490 мыңға өсіп кетті. Амал жоқ, болашақта жейтін наным болған соң оқуға тура келді. Биыл тағы өсіп отыр. Бұл соманы қарапайым халықтың бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Амал не, оқымай, қара жұмыспен айналысады. Ал кейбір студенттер бар, ата-анасына сеніп, 4 жылын бос өткізеді, нәтижесінде дипломын алып, білімі жоқ, жақсы жұмысқа орналасқысы келеді. Алайда, қазір заман білімділерді талап етеді. Қазіргі таңда қаншама жастар дипломмен жұмыссыз жүр. Оларға айтарым, өз уақытысында оқу керек еді! Раушан Майгелдиева, ҚазҰТУ-дың 4-курс студенті: ЖОО оқу ақысының көтерілуінің пайдалы және пайдасыз жағы бар. Пайдасыз, себебі қазір кез-келген адам жоғары білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл, әрине, жақсы. Дегенмен, осы білімді ақтамайтындар қаншама. Тек диплом үшін оқитындарды айтпай-ақ қояйын. Ал диплом алып, не басында білімі жоқ не жұмысы жоқ, бос жүрсе, онда мүлде оқымау керек еді гой. Пайдалы, себебі жоғары білім қымбат болғаны дұрыс. Әйтпесе қазіргі таңда, әсіресе, Қазақстанда жоғары білім алушылар саны салыстырмалы түрде жоғары. Өзге шет елдерде, керісінше, ЖОО-на кез-келген адам түсе алмайды. Олар колледж немесе профессионалдық білім беру ошақтарымен шектеліп қалады екен. Міне, осындай кезде ғана жоғары сапалы білім нәтижелі болмақ. Шегеев Ерлан, абитуриент: Мен колледжден кейінгі жоғары білім алу мақсатында ҚазҰУ-ға заң факультетіне тапсырғалы отырмын. Бір жылдық оқу ақысы 445 мың тг, ал Абай атындағы ҚазҰПУ-да 460 мың тг. Алайда, ҚазҰУ-ды таңдаған себебім, оқу ақысының арзандығы үшін емес, Қазақстандағы ең беделді, білімі жоғары оқу орны болғандықтан таңдадым. Оқу ақысына келер болсақ, мен үшін, көпшіліктің қалтасы көтеретін, қолжетімді баға. Бұрын оқуға талап, ынта аз болып, жұмыс көп болатын. Ал қазір жұмыс жоқ, бірақ оқу керек. Алайда мектептен соң бакалавр деңгейіндегі оқу ақысының тым жоғары болуы студенттер үшін тиімсіз. Мәселен, оның айлығы аз болып, оқуына кеткен қаражатын ақтамауы мүмкін. Осының салдары жұмыссыздықтың бастауына әкеледі. Айта кету керек, ЖОО-да ақылы бөлімде білім алушы студенттерге жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, ҚазҰУ университетіне түсуші абитуриент мектепті үздік бітірсе, келісім бойынша бір жылғы оқу ақысының 15%-на, университет колледжін үздік бітірсе 10%, ата-анасы университет қабырғасында кемінде 5 жыл қызмет атқарса 0-15%-ға дейін төмендетілген жеңілдіктер көрсетілген. Ал бұл баға сол білімге сай келе ме? Мұны уақыт еншісіне қалдырайық.
Авторы:
meruert

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту