Этюд
Аспанның төсінде тебіскен арай,
Бұлттардан нұр атылып.
Қойлардың соңынан өріске қарай,
Қою шаң шұбатылып.
Үр сұлу шықты үйден нұрлана қарап,
Бұрымын күнге сүйгізіп.
Табиғат қанығар сырға ғаламат,
Әжесі жүрмесін біліп.
Көл бетін шиырлап жүзеді аққу,
Тазалық тамшысын ішіп.
Қойшының көңілі шырқайды гәкку,
Қолынан қамшысы түсіп.
Жігіт те келеді уәделі жерге,
Қойнында қуаныш әні.
Ару қыз шығады мәуелі белге,
Гүл толы бұла құшағы.
Шал салып айғайға ұлын іздейді,
Қыздарға бір бармағандай,
Кемпір де үздігіп қызын іздейді,
Өзі де қыз болмағандай.
«Бір болсын өмірде жұлдызымыз»-деп,
Қос ғашық сырласып тұр міне.
Шал менен кемпір де ұл-қызын іздеп,
Достасып алады бір күні.
Олжас ҚАСЫМ
