Бас екеу болмай...
Сүйінші, ағайын! ҚазНеттің urimtal'ының бір басы екеу болды!
Бұл сурет Тимурдың тойдан жасаған тікелей репортажынан алынды
Әлһамдулиллаһ! Біреулер үшін жаңа жұмыс аптасы басталды, ал мен өмірімнің жаңа бір белесін бастағалы отырмын!
депті Асекең таяуда туиттердегі жүрекжарды хабарламасында. Асқаттың интернеттегі қазақтілді сегменттің өрісін кеңейтудегі еселі еңбегі көз алдымызда. Бірер жыл бұрын үйренері көп оның бұ күнде өз замандастарына үйретері де баршылық. Атыраудан Алтайға дейін көсілген сайын даланың төсінде қаракөз бозбала-бойжеткеннің тілін ғаламторда қазақ кәлимасына сындырды. Баули білді. Талайын wordpress'тендірді де. Серттесіп, некелескен бірімізге келін, бірімізге жеңге болатын арудың есімі — Кәмшат. Кәмшат келіннің ҚазНеттегі үзеңгілес, сырлас замандастарының назды қылығын, еркелігін Асқат бұдан әрмен «жезде» амплуасында шаршамай көтере білер деп сенім артамыз.
Кәмшат, нәсіп болса, Асқаттай сақа азаматымыздың абыройына абырой қосып, елдің ықыласына бөленген өнегелі келін болғай! Бауырымыз Асқат өмірлік жары артқан сенімнің үдесінен шығып, өн бойындағы парасаты мен қайратын бұдан әрі де жалпыхалықтық құндылықтар жолында сарп етуден аянып қалмас. Осы өмірге лайық семья құрылды, ағайын! Келер жылы бесік той, шілдеханаларда ізгі лебізді білдіре отырып қауышуға жазсын! Әрдайым жүрегіміздің төріндесіңдер, Асқат-Кәмшат!
