Рамазан айының құндылығы
Рамазан айының құндылығы туралы Имам Раббани хазреттері былай деген:
Мүбәрәк Рамазан айы өте қасиетті, мәртебелі. Бұл айда жасалған нәпіл намаз, зікір, садақа және бүкіл нәпіл ғибадаттарға берілетін сауап басқа айларда жасалатын парыздардың сауабына тең. Бұл айда жасалған бір парыз басқа айларда жасалатын жетпіс парыздай болады. Бұл айда ауыз бекіткен бір адамға ифтар беріп, ауыз аштырған адамның күнәлары кешіріледі. Жаһаннамнан азат болады. Сол ораза тұтқан адамның сауабындай сауап бұған да жазылады. Ораза тұтқан адамның сауабы да мүлдем азаймайды.
Бұл айда қол астындағыларға жұмыстарын жеңілдеткен, олардың ғибадат етулеріне жеңілдік жасаған әмірлер, басшылар да кешіріледі. Жаһаннамнан азат болады. Қасиетті Рамазан айында Расулуллаһ тұтқындарды азат ететін, мұқтаждардың барлық сұрағандарын беретін. Бұл айда ғибадат және жақсылық жасай алғандарға бүкіл бір жыл осы амалдарды жасау нәсіп болады. Бұл айға құрметсіздік еткендердің, күнә істегендердің бүкіл жылы күнә істеумен өтеді. (Бұл айды ғанибет, мүмкіндік деп білу керек.) Қолдан келгенше ғибадат ету керек. Аллаһу та’аланың разы болған істерін жасау керек. Бұл айды ахыреттің бақытына қауышу үшін мүмкіншілік деп білу керек.
Құран кәрім Рамазан айында түсті. Қадір түні осы айдың ішінде. Рамазан айында ауызды шам уақыты кіруімен көп кідірмей ашу, сәре тамағын да имсак (фәжр) уақытына жақындатып кеш жеу сүннет. Расулуллаһ бұл екі сүннетті орындауға қатты мән беретін. Ауыз ашуға асығу және сәре тамағын кешіктіру бәлкім адамның төмендігін, әлсіздігін, ішіп-жеуге және барлық нәрсеге мұқтаж екендігін көрсетуде. Ғибадат ету дегеніміз де осы. Құрмамен ауыз ашу сүннет. Ауыз ашқанда «Зәхәбәз-зама-у уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл-әжр иншаллаһу та’ала» дұғасын оқу, тәрауих намазын оқу, хатм оқу маңызды сүннет болып табылады.
Бұл айда әр түні жаһаннамға түсетін мыңдаған мұсылмандар кешіріледі, азат болады. Бұл айда жаннат есіктері ашылады. Жаһаннам есіктері жабылады. Шайтандар шынжырлармен байланады. Рахмет (мейірімділік) есіктері ашылады. Аллаһу та’ала бұл қасиетті айда Оның мәртебесіне лайықты түрде құлшылық етуді және Раббымыздың разы болған ұнатқан жолымен жүруімізді бәрімізге нәсіп етсін! Амин. (Мәктубат 1-том. 45-хат)
Мына жерден алынды
