Ескі архив · 31.07.2011 14:36

Жаңа блогерлер және сыншы коментаторлар

«Новичок» болған соң енді рас, сынап-мінеу бізге ауадай керек. Бірақ кім болса соның тәкаппарлана, сені жер қылып масаттанып сынағаны емес, оқығаны көп, шынайы, тілеулес сыншылар керек. Өзімізді мақтайтын адамды іздемеуге тырысамыз — олар дамуымызға пайдасы шамалы. Ең мықты сыншы жазғаныңды жіліктеп, талдап, қай жер сәтті, қай жері сәтсіз шыққанын ашып айтады. Әйтсе, де ол жалаңсөзбен емес, анықтап, мысалдар келтіріп айта алады. Бірден басыңа айдар тағып, ит қосып қуа жөнелмейді. Ол еңбегіңізді, шығармаңызды жөнге келтіруіңе көмектесуге тырысады. Кеңесін аямайды. Ең нашар сыншы — жолы болмай қалған әдебиетші. Ол өзі атап айтарлықтай жетістікке жетпеген (көбіне өзінің жалқаулығынан және өзінің сұмдық талантына деген соқыр сенімінің кесірінен), басқаларға да берер көмегі шамалы. Ол шала оқыған, сондықтан оның аса талғамы да жоқ, ол ешқашан жазба өнеріне мықтап ден қоймаған, әдістемелік, техникалық немесе жай адамша кеңес беру қолынан келмейді. Оның қолынан ернін сылп еткізіп менсінбеу, не мұрнын тыржитып, лоқсып, кемсіту ғана келеді. Олар біреудің әлсіздігінің есесінен өз мәртебесін көтеруге тырысып қалу мүмкіндігін мүлт жібермейді. Бір байқағаным, жазбаға берілген бірнеше пікірге бола, салың суға кетпеу керек екен. Сосын жазатын дүниеңді аудиторияға сай жазуың керек сияқты. Мәселен, менің жүрек жарды ағымнан жарылған сезімтал жазбамды әскердегі кісі, немесе математик бағаламауы мүмкін. Ал қырғын-төбелес туралы жазбаларым махаббат туралы өлеңдерді оқып өскен нәзік жанды қыздарға қызық болмайды. Кейде новичок болсақ, та өзіміз біреуді сынап жатамыз. Әсіресе, автордың жазбасынан кінәрат тапсақ, не бұдан да жақсы жазуға болатынын біліп тұрсақ. Не стейін? Айтайын ба оған кемшілігін? Қатесін бетіне басайын ба? Мәселе қандай мақсат көздегеніме байланысты. Егер мақсат өзімнің керемет сауаттылығымды көрсету болса, онда қажет емес сияқты. Өйтсем, әпсәтте қарымта шабуылға соқтығамын. Босқа жүйкемді құртып, уақытым шығын болады. Мысалы: Сыншы: Осындай боқты жазуға ұялмайсыз ба? Айтарға сөзім жоқ, мынауыңыздың құсық екенін көрмей тұрмысыз?( Сөйтіп айтанда, міндетті түрде намысқа тиетін сөздер айтылады, әрекет авторға көмектесуге емес, көрерменге жағуға бағытталған). Автор: Көке, ашуыңды бас. Сен өзің алдымен… осындай-да-осындай… Әрі қарай жан алысып, жан беріскен хай-вай, ұрыс, айқай-шу, өзара минус жаудыртуға ұласады. Автор жүрегінің түбінде сыншымен келісіп тұрса да, оның айтақын дұрыс деп айта алмайды, өйткені оны жұрт алдында жер қылып, танымайтын біреу абыройын айрандай қылып жатыр, сондықтан қалай да абыройыңды қорғап, «лох» еместігін дәлелдеу парыз болады. Егер сыншы әрекетін көрерменге емес, авторға бағыттаса ше? Онда ол оның арынан аттамай, намысын таптамай, елдің көзінше масқараламауға тырысады. Әр сөзінде тілеулестік, бауырмалдық білінгендіктен, автор айналасында кіл дұшпандар емес, жанашыр ағайындар бар екенін бірден түсінеді. Есесіне сынды да балағат деп қабылдамайды. Сыншы оған өз ойынша, білімінің жеткенінше, ненің дұрыс, ненің бұрыстығын көрсетіп, және неліктен олай ойлайтынын ашып көрсетеді. Егер пайдаға асуы мүмкін ұсыныстары болса, міндетті түрде бөліседі. Міне осындай қарапайым баптарды жаңа блогерлер де, сыншы коментаторлар да ескесе, керекинфо тек өкпе мен базына, бір-бірін шалып қалуға тырысқан циниктер мен не жазарын білмей ұрынып жүрген жастарға ғана емес, өзара сыйластық пен сыбайлас қамқорлыққа да орын болады деп ойлаймын.
Авторы:
konvict

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту