Оразаға қатысты
Рамазан – айлар ішіндегі ең қасиеттісі. Өйткені Құран кәрім осы айда түсті. Сауабы ең көп ораза, осы айда тұтылатын ораза. Ораза тұтумен қатар бұл айды ғанибет деп біліп, иман-ақида мәселелерін дұрыс жазылған илмихал (ғылмихал) кітаптарынан оқып үйрену керек. Содан соң ғибадаттарды, харам-халалды үйрену және тіршілігін соған сәйкестендіру қажет. Илмихал мәселелерін оқып үйрену нәпіл намаздан және бүкіл нәпіл ғибадаттардан да артық.
Қасиетті рамазан айы өте киелі және берекелі ай. Бұл айда жасалған нәпіл ғибадаттарға берілетін сауап басқа айларда жасалатын парыздардың сауабына тең. Бұл айда орындалған бір ғана парыз амал басқа айларда жасалған жетпіс парызға тең.
Рамазан айына құрмет көрсету үшін Аллаһу та'аланың әмірлерін орындау, тыйым салғандарынан тыйылу керек. Ораза тұтып, ғайбаттаған, өтірік айтқан, жұрттарды ренжіткен, харамдардан тыйылмаған кісі Рамазан айын құрметтеген болмайды.
Оразаның парыздары
Оразаның парызы үш:
1- Ниет ету.
2- Ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау.
3- Имсак уақытынан күн батқанға (ақшамға) дейінгі аралықта оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу.
Оразаға ниет
Бір күн бұрынғы «ақшам» уақытынан, яғни күн батқаннан ертеңіне ораза күнінің «дахуа» (бесіннен бір сағаттай бұрын) уақытына дейін Рамазан оразасына жүрекпен ниет ету парыз. Күні белгілі болған нәзір (аталған) оразаның және нәпіл оразаның ниет уақыттары да дәл осылай. Ал қаза және кәфарат оразаларының ниеті ақшамнан имсак уақытына дейін жалғасады.
Рамазанда оразаға ниет еткенде ақшамнан имсак уақытына дейін «ертең ораза тұтуға», имсактан кейін «бүгін ораза тұтуға» деп айтылады. Жаңылысып қате айтылса да ораза тұтатын күні мәлім болғаны үшін зияны жоқ. Рамазанда бір айлық оразасы үшін жалпылама бір рет ниет етуге болмайды, әр күні үшін бөлек бөлек ниет ету парыз болып табылады.
Түнде жатарда тамақтанып немесе тамақтанбай ниет етсе, кейін түнде оянғанда, сәреге тұрғанда тамақтанудың зияны жоқ. Тіпті кешкі ас кезінде ниет ету жақсы болады. Ниеттен кейін имсак уақытына дейін жеп ішудің зияны жоқ. Рамазанда «ертең тісім ауырмаса ораза тұтамын, ауырса тұтпаймын» деген секілді күмәнды ниетпенен ораза сахих болмайды.
Ауыз ашар дұғасы
Күн батқаны анық болғаннан кейін алдымен әузу-бисмилләһ… айтып: «Аллаһуммә йа уаси'әл-мағфираһ, иғфирли уә ли-уалидаййә уә ли-устазиййә уә лил-мумининә уәл муминат йәумә йақумул хисаб» дұғасы оқылады. «Ей кешірімі мол Аллаһым! Қиямет күні есепке тартқанда мені, ата-анамды, ұстазымды, ер-әйел бүкіл мұсылмандарды ғафу ет» деген мағынаны береді.
Бір-екі жұтымдық нәрсе жеген соң «Зәһәбәззамаъ уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл әжр иншааллаһу та’ала» дұғасын оқып, тамақ ішуді бастайды. Бұл ауызашар (ифтар) дұғасының мағынасы: Аштық бітті. Тамырларымыздың сумен қауышу уақыты жетті. Иншааллаһ сауап жазылды.
Қазақстан бойынша барлық қалалардың Ораза кестесі.
