Ескі архив · 12.08.2011 23:31

Шашы ұзын қыз

Бұны жазуыма қазақ қызы туралы пост себеп болды. Ондағы айтылған жайлардың көбісімен келісемін. Дегенмен әжелеріміз қазақтың қыздары қазір шашын қырқып тастайтындығын айтып жатыр. Менің келіспейтінім, керісінше қазір шашы ұзын қыздар көп. Қыздардың көбінің шашы тым қысқа емес, иығынан асып тұрады да жайып жүреді немесе буып алады. Мен Алматыда туып-өстім, ауладағы достарыммен орысша сөйлеп өскендіктен ата-анам мені мектеп таңдарда осындағы қазақ гимназиясының қазақ тілін тереңдетіп оқытатын тобына берді. Оқуды үздік оқыдым. Студент болғанда біздің топтағылардың көбі әр жақтан келгендер еді, оларды менің қазақшамның жақсы екені ғана таңдантып қоймады.Олар менің шашымның ұзын екеніне және оны өріп жүретініме де таңданды. Шашым қалың емес, аса жұқа да емес. Анам шашымды 8-9 жасымнан бастап қидыртпай өсіре бастады. Қазір шашым мынадай (суретте астыңғы жағы сәл түспей қалды): Мақтанып отыр деп ойламаңыздар. Қиындығы өте-ееее көп. Әсіресе таңертең универге асыққанда тараудың өзі уақыт алады, егер шашты таңертең ерте жусаң тіптен қиын, фенмен кептіруге қаншама уақыт керек. Сосын қазір шашын өріп жүретін қыздар аз ғой, мен де өргім келмейді, жайып жіберейін десем, тым ұзын, сондықтан буып жүремін. Әрине, шашы менен де ұзын, менен де қалың қыздар бар. Бірақ осы шашымның өзі қанша әуреге салады, арнайы күтім керек, кейде өрген шаш арқаңда ауыр тартып, төмен қарай тартып тұрады. Әлі күнге анама жалынумен келемін, «шашымды қияйыншы» деп. Ол рұқсат берер емес, оның үстіне ауылдағы әжем де келген сайын «қызым, шашыңды қима, қайта қызыл лента тағып жүр, көз өтеді» деп күлдіреді.)) Ал мен қазіргі көп қыздар сияқты иығыма дейін қырқып, жайып жүргім келеді. Бірақ көп құрбыларым «шашың қандай ұзын, менде де осындай шаш болса ғой» деп қызығып та жүреді. Қысқасы, біз әдемілікті сүйеміз ғой. Әркім өзіне жарасатын прическамен жүргенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын, біреуге ұзын емес, қысқа шаш жарасуы мүмкін, біреулердің шашы күтімге келмей өспеуі немесе денсаулығына байланысты өсіре алмауы мүмкін. Сондықтан қазақ қызы дәл мынадай болу керек деп кесіп айтуға да болмайтын шығар. Группамызда шашы қысқа қыздар да, ұзын шаштылар да, мини киетіндер де, хиджаб киетін (1 қыз) де қыздар бар, бәріміз татумыз. Қыздардың ибалылығы, инабаттылығы, имандылығы тәрбиеге байланысты.
Авторы:
Esmeralda

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту