Ескі архив · 26.08.2011 00:34

Осы жаздың жаңалығы немесе қалайша қайтадан кітапқұмар атандым

Биылғы жылдың жазы кітап оқу тұрғысында мен үшін "Қайта туу дәуірін" әкелді. Мектепте оқып жүргенде кітапсыз өткен күн болмайтын: бос уақыттың барлығы кітап оқумен өтетін, тіпті тамақ ішуге дастархан басына кітаппен баратынмын. Университетке келгенде жағдай түбегейлі өзгерді: бес жыл ішінде аяғына дейін жеткізіп оқыған бір ғана кітап есімде қалыпты — Ғабит Мүсіреповтің "Ұлпаны". "Қайта туу дәуірінің" тууына себеп — электронды кітап оқығыш құралымның пайда болуы. Бұған дейін ондай құралдар пайдаланбағасын, салыстырулар жасай алмаспын, бірақ «Амазон» компаниясының «Kindle»(Киндл) электронды кітабы көңілімнен шықты (wi-fi, 3G, mp3, тексті дауыстап оқу, ағылшынша түсіндірме сөздік сияқты қосымша «фишкалары» бар; бір қызығы, 3G арқылы ақысыз түрде байланыспен қамтылған кез келген жерде википедия мен Киндлдің өз сайтына кіруге болады). Компьютердің түкпірлерінде «шаң басып» бірнеше бума е-кітаптар жатыр еді, шетінен жайлап кеміруді бастадым. Ең алғашқы оқығаным Аркадий және Борис Стругацкийлер болды (қанша уақыттан бері кітап оқымай қарайып қалған басымды терең ойлы ауыр кітаптармен бірден жүктемейін деп, өзім жақсы көретін ғылыми фантастикадан бастағаным). Рецензия жазудан аулақпын, бірақ қысқаша әсерімді жаза кетсем: Біріншісі «Понедельник начинается в субботу». «Чародеи» фильмі осы шығарманың негізінде түсірілген екен, сценариі бірақ біршама өзгертілген. Жалпы повесть тартымды, қызықты болғанмен, соңына жеткенде алданып қалған баладай сезіндім. Аяқталмағандай көрінді оқиғасы. Екіншісі «Пикник на обочине». Бұл шығарма «Сталкер» атты фильмге негіз болған екен, бірақ оны көру бақыты бұйырмапты бүгінге дейін. Кітабын оқып, фильмі бұдан қызығырақ болуы керек деген тұжырым жасадым. Жақында интернеттен бір пікірді оқыдым, «кім кітап оқыса, сол өзінің уақытын өзінен ұрлап жатыр, өз жеке ойымен жүрудің орнына, бөтен ойларды оқып» деген мағынада. Керісінше, сол «бөтен ойлардан» адамның өз жеке ойы туындайтынына сенемін. Әсіресе, қазір оқып жатқан Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан алған әсерлер оған дәлел. Бірақ «ол туралы толығырақ… толығырақ...» © бөлек жазбада айтармын.
Авторы:
Karakyz

Бұл — архивтегі автор аты, қазіргі сайттың аккаунты емес.

Автордың барлық архив посттары →

← Архивке қайту