КХЛ-дің "Локомотиві" ұшақ апатынан қаза тапты
Бүгін Континенталды Хоккей Лигасы өз жалауын көтеріп, кезекті біріншілікті бастауы керек болатын. Бірақ Башикирияның Уфасында жергілікті «Салават Юлаев» пен «Атлант» арасында «Ашылу кубогы» ойналып жатқан кезде трибунадағыларға қазалы ақпар келіп жетті. Минскіге бет алған Ярославльдің «Локомотив» командасы толық құрамда ұшақ апатынан қаза тапты. Қазіргі беріліп жатқан ақпаратқа сәйкес, борттағы 45 адамның 1-нен басқасының бәрі мерт болған. Бастапқы болжам бойынша, ұшақ тиісті биіктікке көтеріле алмай, маяктың антеннасына соқтығысқан. Бұдан кейін әуе кемесі бірнеше бөлшекке бөлініп, жерге құлаған.
Ресми деректер бойынша КХЛ күнтізбесіне тиісті түзетулер енгізіледі. КХЛ президенті А.Медведев Ярославль командасына қолдау көрсетілетінін, ол қаладағы үлкен хоккей дәстүрі ұмыт қалдырылмайтынын мәлім етті.
